Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы қызметтің төрағасы 2023 жылғы 29 тамыздағы бұйрықпен сыбайлас-жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға өзге де жолмен жәрдемдесетін (көрсеткен) адамдарды көтермелеу қағидаларын бекітті, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Сыйақы мөлшері:
Пара немесе келтірілген залал сомасы не ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1000 АЕК-тен (2023 жылы 3 450 000 теңге) аспайтын немесе залал жоқ сыбайлас-жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы мынадай мөлшерде белгіленеді:
- Әкімшілік істер бойынша сыбайлас-жемқорлық үшін – 30 АЕК (2023 жылы 103 500 теңге);
- ауыр емес сыбайлас-жемқорлық қылмыстық істер үшін – 40 АЕК (138 000 теңге);
- ауырлығы орташа сыбайлас-жемқорлық қылмыстар үшін – 50 АЕК (172 500 теңге);
- ауыр сыбайлас-жемқорлық қылмыстар үшін – 70 АЕК (241 500 теңге);
- аса ауыр сыбайлас-жемқорлық қылмыстар үшін – 100 АЕК (345 000 теңге).
Пара сомасы немесе келтірілген залал немесе ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1 000 АЕК-тен асатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар бойынша біржолғы ақшалай сыйақы пара сомасының немесе келтірілген залалдың, ұсынылған жеңілдіктер мен көрсетілген қызметтердің 10%-ын құрайды, бірақ 4 000 АЕК-тен (13 800 000 теңге) аспайды.
Көтермелеу мөлшерін айқындау кезінде сот шешімі немесе айыптау үкімі күшіне енген күні қолданылатын айлық есептік көрсеткіш қолданылады.