Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектепте оқитын балаларына мектеп формасы мен оқу құралдары алу үшін материалдық көмек беріледі деп хабарлайды Kaskelen.kz
Биыл халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 400 мыңнан астам баланы мектеп формасы және оқу құралдарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, әрбір оқушыға киім-кешек пен кеңсе тауарларын сатып алуы үшін 40 567 теңгені құрайтын қаржы бөлінеді. Қаражат ата-аналардың карточкалық шоттарына аударылады.
“Бұл қаражат ата-аналарға балаларымен бірге мектеп формасын, аяқ киім, кеңсе тауарларын өз бетінше таңдап алуы үшін беріледі. Қабылданған шешім ата-аналар мен балалардың жеткізушілерді өз бетінше таңдауына мүмкіндік береді және сапасыз тауарларды ұсынуды болдырмайды”, – деді Бала құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Жолдас Батырхан.
Аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек көрсету және балаларды 100% оқумен қамтамасыз ету үшін Жалпыға бірдей міндетті орта білім беру қоры жұмыс істейді. “Всеобуч” қорының қолдауы аясында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасы балаларына, сондай-ақ жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі отбасы балаларына материалдық көмек көрсетіледі.
Мектеп формасының жиынтығы:
- ұлдар: пиджак, кеудеше, шалбар, жейде немесе водолазка, аяқ киім;
- қыздар: пиджак, кеудеше, белдемше немесе сарафан, блузка немесе водолазка, аяқ киім.
Мектеп формасы қажет болмаған жағдайда спорттық форма мен аяқ киім алуға болады.
Оқу құралдарының жиынтығы:
1-4 сынып оқушылары:
- рюкзак (қызға не ұлға арналған);
- 20 жай дәптер (12 парақ);
- қаламсауыт;
- сурет салуға арналған альбом (24 парақ);
- 10 қалам;
- 5 жай қарындаш;
- дәптер мен кітаптарға арналған 20 тыс қаптама;
- акварель бояулары;
- өшіргіш
- сызғыш.