Бүгін Шамалған ауылындағы орта мектеп-гимназиясында “Білім мен тәрбие – егіз ұғым” атты облыстық форум өтті, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Бұл іс-шара “Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөлімі” мемлекеттік мекемесінің басшылығымен өтті. Форум қонағы ретінде Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, Қарасай ауданының білім бөлімінің басшысы Әсел Әблеқызы шақырылды. Жалпы бағдарлама 4 спикер баяндамасынан тұрды.
Бірінші болып “Ұлттық құндылықтар – мемлекеттік идеологияның тұғырнамасы” атты тақырыбымен “Ұлттық құндылықтар академиясының” қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасы Әділхан Дүйсебек бастады. Одан кейін “Тәрбиенің заманауи теориясы мен технологиясы” тақырыбында Ерұлан Жиенбаев сөз қозғады. Үшінші болып “Ата-аналардың педагогикалық педагогикалық мәдениетін көтерудің ұлттық мазмұны” тақырыбында ғылымдарының кандидаты Сараш Қоңырбаева баяндама жасады. Соңғы болып “Жас дарын” орталығының басшысы Диана Онбірбаева “Отбасы – баланы қолдау: әлеуметтік жобалар” тақырыбында алдағы уақытта жүргізілмек іс-шараларды түсіндіріп кетті.
Бұл форумның басты мақсаты – бала мен ата-ана арасында байланысты орнықтыру. Себебі соңғы жылдары елімізде балалар арасында суицид деңгейі өсіп кетті. Сондықтан осындай қайғылы салдарға әкелмес үшін бүкіл еліміз бойынша осы тақырыпта форумдар өткізілетін болады.