Түркияда шағын автобус пен жүк көлігінің соқтығысуынан зардап шеккен 12 қазақстандықтың екеуінің жағдайы орташа ауыр, деп хабарлайды Kaskelen.kz
Министрлік мәліметінше, 30 шілде күні таңертең Аланияда шағын автобус жол-көлік апатына ұшыраған. Автобустың ішінде Қазақстанның 12 азаматы болған.
“Түркия полициясынан алынған алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі жүк көлігіне қатты жылдамдықта соғылған. Соқтығыс салдарынан зардап шеккендер бар, олар шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаларға жеткізілді”, – деп хабарланды СІМ баспасөз қызметінде.
Барлық мән-жайды біліп, қазақстандықтардың денсаулығы туралы ақпаратты анықтау үшін қазақстандық консул дереу Аланияға барған. Онда ол медициналық мекемелерді аралап, зардап шеккен отандастармен кездесті.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның 12 азаматының екеуі орташа ауыр халде. Оларға бүгінде ота жасалған және барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Қалған 10 отандасымыздың, оның ішінде 4 баланың жағдайы қанағаттанарлық, өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Зардап шеккендердің барлығында медициналық сақтандыру бар.
“Анталиядағы қазақстандық дипломаттар азаматтарымызбен тұрақты байланыста болып, тиісті жұмыстарды атқаруда”, – деп атап өтті СІМ.