Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Ақорданың мәліметінше, кездесу барысында қазақ-қытай жан-жақты стратегиялық әріптестігінің жай-күйі мен даму перспективалары талқыланды. Қазақстан көшбасшысының ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуі барысында бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде іске асыруға ерекше назар аударылды.
Қазақстан Президенті Қытайдың қарқынды әлеуметтік-экономикалық дамуын үлкен ынтамен бақылап отырғанын атап өтті.
“ҚХР үкіметі әлемдік турбуленттілік жағдайында экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету бойынша аса маңызды міндеттерді тиімді шешуде. Біз сіздің еліңіздің бүкіл әлемдік экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесін жоғары бағалаймыз. Қазақстан дәстүрлі түрде Қытаймен достық, тату көршілік және жан-жақты стратегиялық ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береді. Қазақстан ҚХР-ның сенімді стратегиялық серіктесі және мейірімді көршісі болды және болып қала береді. Бүгінде қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келеді. Бұған жоғары деңгейдегі белсенді саяси диалог, сондай-ақ екі ел үкіметтерінің үйлесімді жұмысы ықпал етеді”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев бүгін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өте нәтижелі келіссөздер жүргізгенін айтты. Қазақ-қытай көп қырлы қатынастарын одан әрі тереңдету жөнінде нақты уағдаластықтарға қол жеткізілді.
“Менің сапарым аясында бүгін Үкімет деңгейінде 9 құжатқа, екі елдің бизнесі мен түрлі құрылымдары арасында 20-дан астам келісімге қол қойылды. Қытайдағы қазақстандық туризм жылы аясында өзара визасыз режим туралы, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту туралы келісімдердің, біздің энергетика саласындағы өзара іс-қимылымызды көздейтін келісімдердің жоғары маңыздылығын атап өткім келеді”, – деп қоса кетті президент.
Өз кезегінде Ли Цян Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты байланыстарды одан әрі нығайту контекстінде ҚХР-ға сапарының маңыздылығын атап өтті
“Қазақстан мен Қытай халықтарын ғасырлар бойғы достық біріктіреді. Ағымдағы жылдың мамыр айында Қытай теледидарына берген сұхбатында сіз біздің еліміздегі оқу және жұмыс жылдары туралы естеліктеріңізбен бөлісіп, Қытай аудиториясын қытай тілін жетік білумен таң қалдырып, бағындырдыңыз. Мен де сұхбатты қарадым. Менің ойымша, бұл біздің елдеріміз арасындағы достықты нығайтуға күшті серпін берді. Сіздің Си Төрағасымен кездесуіңіздің қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы қарым-қатынастың “алтын 30 жылдығы” жаңа бетін ашу үшін бағдар ретінде қызмет ететін маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Қытай тарапы сіздің әріптестеріңізбен бірге жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іс жүзінде жүзеге асыруға, ғасырлар бойғы достық байланыстары мен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға дайын”, – деді Ли Цян.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы, инвестициялар, көлік және транзит, энергетика, мұнай-газ химиясы, геологиялық барлау, автомобиль жасау, жоғары технологиялар және цифрландыру салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану бойынша ынтымақтастықты жалғастыруға деген өзара ұмтылыс расталды.