Жамбыл облыстық соты алдын ала сөз байласып, жаңа туған нәрестені сатып жіберген екі акушерге қатысты үкім шығарды. Бұл туралы облыстық соттың ресми сайтына сілтеме жасап kaskelen.kz хабарлайды.
Облыстық сот мәліментінше, Жамбыл облысында перзентхананың екі акушері жаңа туған нәрестені сатқаны үшін Қылмыстық кодекстің 135-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа тартылған.
Сот анықтағандай, 2022 жылдың қараша айында жәбірленуші жүктілікті мерзімінен бұрын тоқтату мақсатында, аурухананың перзентхана бөлімінің акушері Б.-ға хабарласқан.
“Жәбірленушінің жүктілігін отбасынан жасырғанын түсінген Б., өзінің әріптесі Ю.-дан босанғаннан кейін баланы сатуға көмек сұраған. Өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыру үшін (яғни адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы) акушерлер жәбірленушіні алдау және сенімін теріс пайдалану арқылы жаңа туған нәрестені азаматқа 1,5 млн теңгеге сатқан”, – делінген хабарламада.
Сот айыпталушылардың кінәсі жәбірленушінің заңды өкілінің, куәлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен объективті расталғанын атап өтті. Айыпталушылар кінәсін ішінара мойындаған.
“Қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде бір сотталушының жас балаларының болуы танылды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ”.