“Черная касса” ойнап ұмраға баруға бола ма? Бұл сауалға ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұл жауап берді, деп хабарлайды muftyat.kz.
ҚМДБ ресми сайтының жазуынша, қазіргі таңда ұмра сапарына барудың жаңа бір тәсілі пайда болған. Яғни, бірнеше адам “черная касса” ойнап, араларынан кезекпен бір адамды ай сайын ұмраға жіберіп отырады.
Мәселен, ұмра сапарының қаражаты 700 мың теңге болса, он кісі бірігіп, әрбірі сапарға шығатын адамға 70 мың теңгеден жинап беруге келіседі. Осылайша, белгілі уақыт ішінде он адамның барлығы ұмраны орындап қайтады.
ҚМДБ өкілі Хасан Аманқұлдың айтуынша, кейбір ғалымдар мұндай жолмен ұмраға баруды сүннет де, мұстахап да емес деп санайды.
“Яғни, жалпы айтқанда, бұлай істемеген жақсырақ, дейді. Себебі ұмраға алдын барып келген адам кейін баратын адамдардың ақшасын қайтарады. Демек ол адам ұмраға қарыз алып барып келген болып тұр. Бұл іс – мәкруһ. Өйткені, “Алла Тағала ешбір адамға шамасы келмейтін міндетті жүктемейді” (“Бақара” сүресі, 286-аят). Шамасы келмейтін адамның қажылық пен ұмра ғибадатын орындауы да міндет емес”, – дейді Хасан Аманқұл.
Сондай-ақ дін маманың сөзінше, шариғатта қажетті істерге және қатты қиналған жағдайда ғана қарыз алуға рұқсат етіледі.
Ал ұмра ғибадаты міндеттелген құлшылыққа жатпайды. Сондықтан ұмра сапарына баратын адам мүмкіндік болса, қарызданбауы керек.