Бұрынғы мәжіліс депутаты, блогер Тәңірберген Бердіоңғаров мереке күні қарсаңында атақ алып, марапат иеленген кейбір жандарды “лайықсыз” деп атады. Бұл туралы Instagram-парақшасына пост жариялады.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бір топ өнер қайраткерлері түрлі наградалармен мадақталды.
Бүгін “Құрмет” орденінің иегері атандым! Күтпеген жағдай болды шынымен. Көп рахмет! Осы атаққа лайық еңбек етуге, артылған сенімді ақтауға барымды саламын. Құттықтауларыңызға рахмет! Басымды иемін!, – деп жазды әнші инстаграм парақшасында.
Алайда, әншіні сынағандар да көп.
“Халық үшін, ел үшін қандай еңбектеріңіз бар? Ән жазып, шығармашылықпен айналысса өзі үшін ғана”, “қандай құрметке лайық іс тындырды?”, “мынадан Семейдің өрт сөндіру қызметкерлері лайықты” деп сынап, пікір жазып жатқандар бар.
Ұлттық мереке күні қарсаңында еліміздің өнерін дамытуға үлес қосып жүрген біраз азаматтар түрлі марапат иеленген.
“Достар, “Құрмет” орденін алған қатардағы орындаушы Әли Оқаповқа берілгеніне қарсымын және келіспейтінімді айтқым келеді. Рымбаева және оның отбасын төмендеткім келмейді, бірақ осы атақ тұрғысынан жауапсыз қалған сұрақ көп. Азаматтарға орден мен награда бермес бұрын, қоғам мен ел алдында атқарған ерен істері жіпке тізілуі керек. Бұл марапат елдің дамуына, ғылым мен білімге үлес қосқан жандарға берілсе құба-құп”, – дейді экс-шенеунік.
Оның айтуынша, елімізде марапаттың көп болуынан аяқ алып жүру мүмкін емес. “Құрмет” орденінің атынан гөрі жарнамасы жер жарады деген пікірде. Марапаттардың қалай берілуі жөнінде ұсынысын да айтқан.
“Біз қоғамның сенімін ақтап, мемлекеттік наградалардың беделін сақтап қалу үшін ашық әрі объективті болуымыз керек. Сондай-ақ, азаматтарымыздың ел игілігіне жұмсаған күш-жігері әділ бағаланауы керек. Менің тілегім – мемлекеттік марапат әділ жолмен лайық адамға берілсін!”, – дейді блогер.