Тұрғын үйге кезекке тұру тәртібі өзгереді. Пәтерді бөлу мен беру, кезекке қою функциялары “Отбасы банкіне” берілмек.
Бұл туралы депутат Мақсат Толықбай өз парақшасында жазды.
“Бірақ, “Отбасы банкін” екінші деңгейлі банктер жүйесі мен депозиттерге кепілдік беру жүйесінен шығаруға қарсымын. Миллиондаған азаматтың маңдай термен жинаған триллиондары сақталған банк мемлекеттің бақылауында болу керек”- деді ол.
Сондай-ақ, халық қалаулысы жалға берілген үйлерді жекешелендіруге, сондай-ақ апатты тұрғын үйдің орнына берілген үйді жекешелендіруге құқық беру туралы ұсыныс қолдау тапқанын жеткізді.
Бұдан бөлек, депутаттың айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұра алатындардың санаты кеңейтілді. Тізімге мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар, 1 және 2 топтағы мүгедектер де кіреді. Мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді атқару кезінде қайтыс болған адамдардың отбасына әкімдіктер бір жылдан кешіктірмей үй беру керек.
“Жалпы, пәтерге қол жеткізу өте қиын. Жастар, қарапайым құрылысшы, дәнекерлеуші, көше сыпырушы болсын….. бастапқы жарна ретінде 50 пайызын жинаймын дегенше, үйдің бағасы қымбаттап кетеді. Онсызда айлығы шайлығынан аспайды. Бәрінің мойнында кредит бар.
Кең танылған “7-20-25” сияқты бағдарламалардың (лимитін көбейту, несие төлеу мерзімін ұзарту…тағы басқа) алгоритмін өзгерту қажет” – дейді Мақсат Толықбай.