Үндістанда орталық Азияның бірнеше қызының құжаттары тартып алынып, сексуалды құлдыққа салынған, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі BBC арнасына сілтеме жасап.
Өзбекстандық қыздарды Дубайға жұмысқа шақырып, артынша сексуалды сипаттағы қызмет көрсетуге мәжбүрлеген.
“Құжатымды тартып алып, сексуалды құлдыққа салды. Ондай қызмет көрсетуден бас тартқанымда, соққыға жықты. Түнде жұмыс істеуге жібереді. Тіпті алты адамға бірден қызмет көрсетуімді талап етті”, – дейді жәбірленуші.
Жыл сайын Үндістанда жүздеген шетелдік әйел сексуалды құлдықтың құрбанына айналып отыр. Оларды орталық Азиядан Непал арқылы Үндістанға алдап әкеледі.
Сексуалды құлдықтың құрығына түскен өзбекстандық Тахмина притоннан қашпақшы болған. Бірақ бұл әрекеті сәтсіз болып шықты.
“Бетімнен шапалақпен ұрып, қорқытты. “Егер бұйрығымды орындамасаң, есірткі саудасымен айналысты деп ұстатып жібереміз, бетіңді қышқылмен күйдіреміз” деді”, – деді ол.
Олар қызды соққыға жыққан видеоны көрсетіп, “тыңдамасаңдар, осылай ұрамыз” деп бопсалаған. Мұндай құлдыққа көбінесе жағдайы төмен отбасыдан шыққан қыздар түсіп қалады. Себебі сутенерлар оларды алдап, Дубайға жұмысқа орналастырамыз деп уәде етеді.
“Дубайға билет алып берді де, әрі қарай Непалға алып кетті. Содан соң менен бөлек тағы бес қыз бар пәтерге апарды. Екі күннен кейін сексуалды құлдыққа салды. “Жоқ” дегеніме қарамай, зорлық қылды”, – деді өзбекстандық Афноза.
Үндістандық полицейлердің айтуы бойынша, күдіктілер ұсталды. Алайда қылмыстың құрбанына айналған қыздар әлі де үйлеріне қайтара алмай отыр. Себебі оларға қарсы іс қозғалған. Қыздар көші-қон ережесін бұзды деп айыпталып отыр.