Атырау облысында екі ірі мұнай компаниясы экология заңнамасын бұзғаны үшін жалпы сомасы 10,7 млрд теңге айыппұл салынды, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы өңір прокуратурасына сілтеме жасап.
«Атырау облысының прокуратурасы табиғатты пайдалану субъектілерінің экологиялық заңнама талаптарының сақталуына талдау жүргізді.
Талдау шеңберінде парниктік газдар квотасынан асып кету, эмиссияны экологиялық рұқсатсыз жүзеге асыру, сондай-ақ рұқсат етілген шығарындылар нормаларынан асып кету және жердің ластану фактілері анықталды.
Енгізілген прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижеcімен «Karabatan Utility Solutions» ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – делінген Атырау облысының прокуратурасы ұсынған баспасөз баянында.
Нәтижесінде аталған қос компанияны сот кінәлі деп танып, олардан айыппұл түрінде 10,7 млрд теңге өндіріліп алынды.
Еске сала кетейік, «Сағыз» полигонында 13 108 тонна мұнай қалдықтарын экологиялық рұқсатсыз жинақтаған «Oxygenator» ЖШС-ға 37 млрд теңге айыппұл салынғаны туралы кеше ғана хабарлаған болатынбыз.