Алматы облысында 17 жастағы жасөспірімнің өліміне алып келген төбелеске қатысқандардың барлығы ұсталды деп хабарлайды Kaskelen.kz
Полиция мәліметінше жасөспірімнің мәйіті Еңбекшіқазақ ауданы Бәйдібек би ауылындағы аулалардың бірінен табылған.
“Жасөспірімге қарумен жарақат келтіргені белгілі болды. Қару ұсталғандардың бірінің әкесіне тиесілі.
Қазір 9 күдікті уақытша тергеу изоляторында. Бұл дерек аудандық полицияның бірыңғай тізіліміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2 бөлігі “Кісі өлтіру” және 14-бабы “Қылмыстың қайталануы” бойынша тіркеліп, тергеу басталды”, – деді Алматы облыстық полиция департаментінің басшысы Бауыржан Аленов.
Полиция басшысы қажетті тергеу шаралары жүргізіліп, сот-медициналық сараптама тағайындалғанын жеткізді.
“Төбелестің өзге қатысушыларына қатысты Қылмыстық кодекстің 293-бабы “Бұзақылық” бойынша іс қозғалды”, – деп нақтылады ол.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысындағы төбелестің адам өлімімен аяқталғаны туралы хабарлаған едік.