Шымкентте 3 тамыз күні полиция қызметкері патрульдік көлікпен жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан әйел мен оның қызын қағып кеткен еді. Бүгін жансақтау бөліміне жатқызылған 39 жастағы әйел қаза болды, деп хабарлайды kaskelen.kz ақпарат агенттігі.
Дәрігерлердің айтуынша, 39 жастағы науқас ауыр жағдайда түскен. Бас-ми жарақаты, миға зақым келген, қан құйылу және мидың ісінуі диагнозы қойылған. Жансақтау бөліміне жатқызылып, барлық қажетті емдеу шаралары жүргізілгенімен, әйелдің жағдайы нашарлап, қайтыс болғаны айтылды.
“Жүргізіліп жатқан емдеу шараларына қарамастан, науқастың жағдайы нашарлады. 7 тамызда биологиялық өлім анықталды. Оның себебі – мидың ісінуі, дислокация синдромы”, – деді №1 қалалық клиникалық аурухананың бөлім меңгерушісі Оңалбай Нарманов.
Полицей қағып кеткен екінші адамның жағдайы орташа ауыр.
Айта кетейік, 3 тамызда Байтұрсынов көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер өткелінде Тұран аудандық полиция бөлімінің жүргізуші-полицейі қызметтік көлігімен 2 жаяу жүргіншіні қағып кеткен болатын. Жол-көлік оқиғасы бойынша тергеу жүріп жатыр.