Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. Мемлекет басшысы еліміздің Еуропа Одағындағы сенімді серіктестерінің бірі – Италия Республикасымен қарым-қатынасы ұзақ уақыттан бері өзара тиімді сипатта дамып келе жатқанын жеткізген.
“Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді”, – деді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуы бойынша, Италия Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі.
“Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде ENI кәсіпорны да бар. ENI – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін”, – деді президент.
Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан президентіне алғыс айтқан. Оған қоса бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірген.
“Достық рәуіште өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Өз кезегінде Италия президенті мемлекет басшысының шақыруын ризашылықпен қабыл алды. Мұнан соң келіссөз дастарқан басында жалғасты”, – деп қосты Ақорда.
Еске сала кетейік, кеше Тоқаев Италияға ресми сапармен барған. Қазақстан президенті 19 қаңтар күні Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездеседі деп жоспарланған.