Алматыда жер сілкінісі кезінде зардап шеккендер саны 67-ге жетті, деп хабарлайды kaskelen.kz.
Тұрғындар дүмпуді сезе салысымен үйін тастап, қашқан. Сол кезде жарақат алып, қолы немесе аяғын шығарып алып, денесі сырылған. Олардың көбі амбулаторлық емдеуге жіберілді. Ал 33 жастағы науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Зәресі ұшқан әйел үшінші қабаттың терезесінен секіріп, көптеген жері сынған. Барлығы сегіз адам ауруханаға жатқызылды. Екеуі травматология бөліміне жіберілді.
Зардап шеккендердің арасында 12 бала бар. Олардың көбі құлаған соң жарақат алған. Ең кішкентай науқас небәрі алты айлық. Анасы абайсызда оны қолынан түсіріп алған. Ал бір бала төсектен құлап кетті.
“Бір науқас қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Ауыр жарақат алды, сан сүйегі мен жамбас сүйектері сынған. Аралас жарақат, ми шайқалу, жабық бассүйек-ми жарақаты анықталды”, – деп мәлімдеді Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімінің бас дәрігері, депутат Ермек Желдібаев.
Еске сала кетейік, 23 қаңтарға қараған түні сағат 00:09-да Алматыда жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше жер асты дүмпуінің эпицентрі Алматының оңтүстік-шығысында, 264 шақырым жерде тіркелді. Магнитудасы 6,7 балл. Бұдан кейін тұрғындар қалада тағы да бірнеше жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.