Петропавл қаласында 8 жасар қызды зорлаған жігіт жасаған қылмысы үшін жауапкершілікке тартылмайтын болды деп хабарлайды Kaskelen.kz
СҚО-ның қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты “зорлау және кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер” бабы бойынша сотталушы Иван Мальченкоға қатысты қылмыстық істі қарады.
Оқиға былтыр 13 шілде күні болған. 1995 жылы туған Иван Мальченко Петропавлдағы Ойқала шағынауданында 8 жасар қызды зорлады.
Ер адам 2004 жылдан бастап психикалық ауруына байланысты психиатриялық ауруханада есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет сотталған, соңғы рет ауыр қылмыс жасаған ол 2021 жылдың желтоқсанынан бастап Ольшанка ауылында қауіпсіздігі төмен мекемеге ауыстырылған. Осыдан кейін сотталғандар қалаға шығып, жұмыс істей алған. Ол да осы мүмкіндікті пайдаланып, бір жерге қара жұмысшы болып орналасқан.
Тергеу мәліметінше, 13 шілде күні қалаға шыққан сотталушы Подгоры жақта 8 жасар қызды зорлаған. Қылмыскер дереу ұсталды. Бұдан кейін оған үкім шығарған судья оны қылмыстық жауапкершілікке тартпауға шешім шығарды. Өйткені психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, ер адам қылмыс жасағанда есін білмеген.
“Сот психологиялық-психиатриялық сараптама кезінде М.-ның қылмыс жасағанда есін білмегені анықталды. Ол өз әрекетінің сипатын білмеді, өзін басқара алмады “, – делінген сот үкімінде.
Айта кетсек, Қылмыстық кодекстің 16-бабы бойынша күдікті қылмысты ақыл-есі дұрыс болмай жасаса қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Оған қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылады. Иван Мальченкоға сот осындай шешім шығарды. Ол психиатриялық ауруханада емделеді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.