Мәжіліс отырысында оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан жаңа заң бойынша балаларды отбасынан алып қоюы мүмкін бе деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі.
Депутат Сергей Пономарев әлеуметтік желілерде заң жобасына қатысты “құжатта ювеналды юстиция бойынша нормалар бар, ол бойынша отбасыға кедергісіз кіріп, баланы алып қойып, жетімдер үйіне өткізеді” деген пікірлер тарағанын айтты.
Ол заң жобасында осындай нормалар бар-жоғын түсіндіруді сұрады.
“Қарастырылып отырған екі заң жобасында балаларды үйден алып кетуге байланысты немесе ювеналды юстицияға байланысты ешқандай норма қарастырылған жоқ. Ол талқыланған жоқ. Қарастырылуы да мүмкін емес. Неге? Өйткені біз балалардың отбасында тәрбиеленіп, өскенін қалаймыз.
Жалпы алдағы уақытта жетімдер үйі секілді институттардың біртіндеп жойылуына күш саламыз. Тағы қайталап айтамыз, ювеналды юстиция және балаларды отбасынан алып кету заңда мүлде жоқ және қарастырылмайды”, – деді депутат Жұлдыз Сүлейменова.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан халықтың қорқынышы негізсіз деп атады.
“Қаралып жатқан заң жобасында, басқа да заң жобаларында балаларды отбасынан алып қою мәселесі қарастырылмаған. Министрлікте мұндай мәселе көтеріліп жатқан жоқ. Әлеуметтік желілердегі баланы отбасынан алып қоюға қатысты барлық ақпарат фейк болып саналады”, – деді министрлік өкілі.
Айта кетейік, қаңтар айының соңында мәжіліс депутаттары Қазақстандағы әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң жобасын жұмысқа алған еді.
Заң жобасына қандай нормалар енгізу көзделіп отырғанын мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.
Оның айтуынша, заң жобасында ұрып-соғуды және денсаулыққа жеңіл зиян келтіруді, қазіргі әкімшішік жауапкершіліктен қылмыстық жауапкершілікке жатқызу және жазасын әлдеқайда қатаңдату, сондай-ақ жәбірленушінің өтінішін күтпей-ақ, зорлық-зомбылық туралы БАҚ немесе онлайн платформалардағы ақпарат негізінде тісті шараларды қабылдау құқығын беру қарастырылған.