TikTok желісінде белгісіз әйелдің БҰҰ-ның қазақстандықтарға жәрдемақы беріп жатқаны туралы айтқан видеосы тарады, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі StopFake порталына сілтеме жасап.
TikTok желісінде белгісіз бір әйелдің Біріккен Ұлттар Ұйымының қазақстандықтарға көрсеткен көмегі туралы айтып жатқан видеосы тарады.
Оның сөзінше, БҰҰ қазақстандықтарға 105 мың теңге жәрдемақы береді деген болжам бар. Дәлірек айтқанда, көп балалы отбасыларға, 1, 2 және 3-топтағы мүгедектерге, төтенше жағдайдан зардап шеккендер және жасы бойынша барлық зейнеткерге қолжетімді.
Әйел халыққа қызмет көрсету орталықтары бұл төлемдер туралы ақпаратты жарияламай отырғанын да айтады.
Бірақ кейіннен ақпараттың жалған екені анықталды.
БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі тараған хабарламаға қатысты пікір білдірді.
“Бұл жаңалық жалған. Айта кету керек, БҰҰ ешқашан бенефициарларға тікелей қаражат бермейді. БҰҰ ұсынатын барлық көмек ресми бағдарламалар мен серіктес ұйымдар, соның ішінде мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арқылы жүзеге асырылады”, – деп хабарлады БҰҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі.