Қазақстандағы жас оқырмандар фантастика, комикстер мен көркем әдебиет оқығанды ұнатады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Балаларды қорғау күніне орай Мәдениет және ақпарат министрлігі 249 балалар кітапханасы арасында оқырмандар сұранысы бойынша талдау жүргізді.
Биыл жас оқырмандар саны 1 733 686 адамға жетті.
Сауалнама нәтижесі бойынша балалардың кітапханаға деген қызығушылығы артып келеді, олар әсіресе фантастика, комикстер мен көркем әдебиет оқығанды ұнатады.
Ең көп оқылатын кітаптар — Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алма», Жоан Роулиңнің «Хәрри Поттер» және Марк Твеннің «Том Сойер» шығармалары болды.
Баянғали Әлімжанов, Толымбек Әбдірайым, Зира Наурызбаева, Серікбол Хасан, Зауре Төрехан және басқа авторлардың шығармаларын балалар қызығушылықпен оқыған.
Балалар сүйіп оқитын басылымның бірі — комикстер.
Жас оқырмандар Ұларбек Нұрғалымұлының «Ілияс пен Заңғардың планшеті», Оразхан Жақыптың «Еркетай», Ілияс Юсуфтың «Керей мен Жәнібек» шығармаларын, сонымен қатар Майк Барфилдтің «Комикстегі әлем тарихы», «Комикстегі жаратылыстану» аудармасын ұнатады.
Қазақ ертегілері мен әлем халықтарының ертегілері бойынша «Қазақ және әлем халқының ертегілері», «Авторлық ертегілер», «Алатау ертегілері» «Таңдаулы ертегілер», Чарльз Перро мен Ағайынды Гриммдердің ертегілері көп сұралады.