Мемлекеттік сатып алу порталын қолданушылар бір жылда 4,6 млрд теңге ақы төлеген. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл осы қаражаттың қайда жұмсалғанын айтты, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілі Мемлекеттік сатып алу порталын ұстауға бюджеттен қанша қаражат жұмсалатынын сұрады.
«Мемлекеттік сатып алу порталы ақылы екенін білесіздер. Ондағы тарифтер әр түрлі, сатып алу сомасына байланысты ақы алынады. Бұл ақыдан түскен ақша толық көлемде осы порталды күтіп ұстауға және қызметін қолдауға бағытталады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 4,6 млрд теңгеге жуық қаржы жиналды. Ол ақшаның бәрі порталды ұстауға бағытталады. Порталды ұстаудан артылған жағдайда республикалық бюджетке дивидент ретінде жолданады», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, аталмыш портал 2022 жылы ақпараттың ашықтығы жөнінен 109 елдің ішінде үшінші орын алған.