Атырау мұнай өңдеу зауыты биылғы 6 айда атмосфераға 5,3 мың тонна ластаушы заттар шығарған. Алайда, бұл 16 мың 224 тоннаны құрайтын шекті мөлшерден 3 есеге аз, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың айтуынша, су тасқынына байланысты жарияланған төтенше жағдай режимінің кәсіпорын жұмысына кері әсері тимеген.
«Зауыт жұмысы тоқтаған жоқ, штаттық режимде жалғасып жатыр. Биылғы 6 айда 2 млн 911 мың тонна шикізаттық мұнай өңделді. Тауарлы өнім шығару көлемі 2 млн 632 мың тоннаны құрады. Оның ішінде 786,8 мың тонна жанармай, 879,9 мың тонна дизель отыны, 95,3 мың тонна әуе отыны, 106,0 мың тонна сұйытылған газ бар. Өңделген шикізаттың 68,6%-ы – ашық түсті мұнай өнімдері», – дейді Ғалымжан Жусанбаев.
Оның дерегінше, Атырау мұнай өңдеу зауытында атмосфераға 5 мың 357 тонна ластаушы заттар шығарылған.
«Бұл 16 224 тоннаны құрайтын шекті көрсеткіштен 3 есеге аз. Мамыр айында Tazalyq жобасы аясында механикалық тазарту қондырғыларын реконструкциялау аяқталды. Қазір тазарту кешені толық қуатында жұмыс істеп тұр. Булану алаңдарының 3 және 4-секторын рекультивациялау жұмысы әзірге тоқтатылды. Атырау мұнай өңдеу зауыты мен мен Атырау облысының әкімдігі арасында зауыттан шығарылатын ағынды суды қалалық кәріздік тазарту стансасына жіберу туралы келіссөздер жалғасып жатыр», – деп мәлім етті Ғалымжан Жусанбаев.
Бас директордың айтуына қарағанда, күзде зауытта жыл сайынғы жоспарлы алдын ала тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қазір оған дайындық шаралары қолға алынған.