Лауазымды адамдардың жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін жауаптылығының құқықтық тетіктері жетілдіріледі. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов мәлім етті, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін жауапкершіліктің құқықтық тетіктерін жетілдіру қарастырылды. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы және ішкі талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік органдар, ұйымдар және квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлықтың туындау себептері мен жағдайларын жою жөнінде шаралар қабылдайды. Сыртқы талдауды Агенттік жүргізеді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдауды – мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері дербес жүргізеді. Бұл талдаулардың қорытындылары бойынша Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіледі. Іс жүзінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі ұсынымдарды орындауды кешіктіретін жағдайлар орын алады. Бұл өз кезегінде жаңа сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға алып келеді, – деді Ұлан Сарқұлов.
Осыған байланысты, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң басшыларға тәртіптік жаза қолдану үшін «сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жоймау» сияқты негіздемемен толықтырылады.