Астанада Бейжің декларациясына 30 жыл толуына орай гендерлік теңдік тақырыбында ауқымды жиын өтті. Шара аясында сөз сөйлеген ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде гендерлік саясат қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Гендерлік теңдікті қамтамасыз етудегі құқықтық база
Министр еліміз 1995 жылы Бейжің декларациясына қосылған сәттен бастап, тұрақты гендерлік саясат қалыптастыру бағытында сенімді қадамдар жасағанын айтты.
— Бірінші кезекте гендерлік теңдіктің негізі болып табылатын құқықтық база туралы айтқым келеді.
1995 жылы Бейжің декларациясы қабылданған жылы Қазақстан Конституциясы да қабылданды. Конституция әр азаматтың құқығы қорғалуына кепіл болады. Соңғы жылдары бұл саладағы жұмыстар арта түсті.
2022 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізілген ауқымды конституциялық реформа аясында Конституциялық сот қалпына келтіріліп, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылды, – деді Аида Ғалымқызы.
Оның сөзінше, құқық қорғау институттарын нығайту гендерлік теңдікті ілгерілету мен қорғау үшін мықты негіз қалыптастырады. Бұл Қазақстанның Бейжің декларациясы және әйелдердің құқықтары жөніндегі басқа да халықаралық құжаттар аясындағы міндеттемелерін орындау үшін өте маңызды.
Гендерлік саясатты жүзеге асырудағы институционалдық механизмдер
Сонымен қатар ведомство басшысы елімізде ширек ғасыр астам уақыт бұрын құрылған Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қызметіне тоқталды.
— 1998 жылы Қазақстанда Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылды. Бұл – Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган. 2023 жылы Комиссия өзінің 25 жылдығын атап өтті.
Қазіргі таңда оның құрамында мемлекеттік органдар, азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғау ұйымдары, саяси партиялар мен сарапшылар қауымдастығынан 34 мүше бар. Комиссия келесі алты бағытта жұмыс істейді:
– әлеуметтік-демографиялық даму,
– әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту,
– отбасылық құндылықтарды нығайту,
– қауіпсіздік және зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы күрес,
– гендерлік саясатты дамыту,
– балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету, – деді ол.
Одан бөлек спикер комиссияның елдің барлық өңірлерінде өкілдіктері барын, оның мүшелері гендерлік саясат саласындағы заңнаманы әзірлеуге белсенді қатысатынын атап өтті.
Өңірлік деңгейдегі гендерлік саясат
Аида Балаева шетелдік қонақтарға еліміздің өңірлерінде де гендерлік саясатты нығайту қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты.
— 2023 жылы Президент Жарлығымен өңірлердің басшылары жанынан гендерлік мәселелер жөніндегі кеңесші институты құрылды. Бұл кеңесшілер — азаматтық сектордың өкілдері және олардың негізгі міндеттері – өңірлерде гендерлік теңдік саясатының жүзеге асырылуын бақылау.
Олар ұлттық комиссия және өңірлік комиссиялармен тығыз байланыста жұмыс істейді және гендерлік теңдік саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды буыны саналады.
Ал негізінен елдегі гендерлік саясаттың басты үйлестірушісі – Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі. Оның құрамында гендерлік саясатты қалыптастыру және іске асырумен айналысатын арнайы комитет жұмыс істейді, – деді министр.
Ведомство басшысы министрлік гендерлік-бағдарланған бюджеттеуді жүзеге асыру, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту бағдарламаларын дамыту, сонымен қатар дискриминация мен зорлық-зомбылықтың барлық түрлерінен қорғау жүйесін жетілдіру арқылы гендерлік тәсілді мемлекеттік саясатқа интеграциялауға ерекше көңіл бөлетінін айтты.
Сонымен қатар осылайша министрлік, ұлттық комиссия, өңірлік кеңесшілер институты және басқа да маңызды құрылымдар гендерлік теңдікті қолдаудың көпдеңгейлі, кешенді экожүйесін құрып жатқанын, бұл жүйе ұлттық стратегиялық мақсаттарға жету және халықаралық міндеттемелерді орындау үшін тиімді түрде жұмыс істеуді мақсат ететінін мәлімдеді.
Халықаралық серіктестік және гендерлік саясат мониторингі
Сондай-ақ Аида Балаева Қазақстан гендерлік теңдік мәселесінде халықаралық серіктестермен тығыз жұмыс істейтінін айтты.
— Олардың қатарында Қазақстандағы БҰҰ құрылымдары, Дүниежүзілік банк, ЕҚЫҰ және басқа да ұйымдар бар. Бұл серіктестік Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін тиімді орындауына әдістемелік қолдау көрсетеді.
«БҰҰ-әйелдер» құрылымының рөлін ерекше атап өткім келеді. Бұл ұйым — Ұлттық комиссияның гендерлік теңдік саласындағы тұрақты серіктесі.
Гендерлік теңдік саласындағы прогресті жүйелі түрде мониторинг жасау және бағалау – маңызды механизмдердің бірі.
Қазақстан халықаралық алаңдарда өз міндеттемелері бойынша атқарылған жұмыстар туралы тұрақты есеп береді, бұл ашықтық пен есептілікті қамтамасыз етеді, – деп түйді сөзін ол.
Министрдің сөзінше, есептілік механизмі мүдделі тараптардың кең ауқымды қатысуын қамтиды, бұл жағдайды кешенді және объективті талдауға мүмкіндік береді.