24 наурыздан бастап ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелеріне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Жаңа ережелер енді смартфондарды тек ресми дилерлерден сатып алу керек дегенді білдіре ме? Егер смартфон ресми жабдықты сататын дүкендер желісінде 300 000 теңге. Ал белгісіз базарда 250 000 теңге тұратын болса, оны қайдан алған дұрыс? Бұл ережелер, сайып келгенде, сатып алушыларға қалай әсер етеді?
Айта кетейік, бұған дейін біз 2025 жылдың 24 наурызынан бастап мобильді құрылғыларды тіркеу ережелері өзгеретінін жазған болатынбыз. Бұл инновациялар осы күннен кейін елге әкелінген телефондарға ғана қатысты. Қазақстанда қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған және мәліметтер базасына енгізілген құрылғылар еш қиындықсыз қолданыла береді. Қазір елде шамамен 3,7 миллион телефонның IMEI коды қайталануда. Бұл заңсыз әкелінген құрылғылардың көп екенін көрсетеді. Мұндай жағдай телефон ұрлығын күшейтіп, құрылғылардың қайдан келгенін бақылауды қиындатуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, бұл жосықсыз бәсекелестікке жол ашады.
Сондықтан заңсыз телефондармен күресу үшін жаңа ереже енгізіліп, құрылғыларды тексеру жүйесі күшейтіледі.
Смартфонды қайда апарған дұрыс?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитетінің сымсыз байланыс жобаларын мониторингілеу және дамыту бөлімінің бастығы Диас Төлегеновтың айтуынша, жалпы смартфондарды кез келген сатушыдан сатып алуға болады. Сарапшы, ең бастысы, сол телефонды елге әкелген сатушы қолданыстағы заңның талаптарын орындауы керек екенін атап өтті.
“Біз заң талаптарын өзгертпедік. Яғни телефонды елге кіргізу кезінде жеткізуші барлық телефонды кедендік декларацияға енгізуі керек. Әр телефонның кедендік төлемдері төленуге тиіс. Егер осы талаптардың бәрі орындалса, онда телефонды еш қиындықсыз сатып алуға болады. Бұл тұрғыда ештеңе өзгерген жоқ. Жалпы, сатып алушыларға телефондарының IMEI-кодтарын тексеруге кеңес береміз. Ол үшін 24 наурызда арнайы сервис іске қосылады. Сол сервиске кіріп, IMEI-код арқылы телефонның мәртебесін тексеруге болады: ол “ақ тізімде” ме, “қара тізімде” ме, верификациядан өткен бе – соның бәрін білуге болады”, – деді Диас Төлегенов.
Сондай-ақ сарапшыдан Kaspi маркетплейсіндегі дүкендерден азаматтар телефон немесе планшетті заңсыз сатып алған жағдайда не істей алатынын сұрадық.
“Бұл мәселе енді дүкен агрегаторына, яғни Kaspi-ге қатысты. Kaspi өзінің платформасында телефон сататын сатушыларға қандай талаптар қоятынын өзі шешеді. Егер сатушы заңды бұзса, ол Kaspi дүкенінен шеттетіледі. Даулы жағдайлар болмас үшін, сатып алмас бұрын телефонның мәртебесін тексеріп алған дұрыс”, – деді министрлік өкілі Диас Төлегенов.
Жаңа құрылғыларды сатып алушылар өзгерістер күшіне енгеннен кейін imei.rfs.gov.kz сайтында IMEI нөмірін тексере алады.
Қазір сайт енгізілген өзгерістерге сәйкес жетілдірілуде. “Сұр” тізімдегі құрылғылардың иелері ұялы байланысты 30 күн бойы пайдалана алады. Осы уақыт ішінде байланыс операторлары пайдаланушыларға тексеруден өту қажеттілігі туралы хабарламалар жібереді. Хабарламада құрылғыны сатып алу туралы ақпаратты көрсету қажет сауалнамаға сілтеме берілген. Құрылғыны шетелден сатып алған пайдаланушылар шекарадан өткен күнін көрсетуі керек.
Егер пайдаланушы қандай да бір себептермен белгіленген мерзімде тексеруден өте алмаса, ол кез келген уақытта хабарламадағы сілтеме арқылы сауалнаманы толтыра алады. Қабылданған шаралар тұтынушыларға сатып алынатын құрылғылардың заңдылығы мен сапасына сенімділік береді.
Сарапшының пайымдауынша, баға бәсекелестікке байланысты да өзгеруі мүмкін. Диас Төлегенов мұның бәрі көлеңкелі бизнесті жою үшін қабылданып жатқан шара екенін түсіндірді.
“Телефондардың бағаға қатысты кедендік баж салығы мен салық мөлшерлемелерін өзгертпейміз. Олар бұрынғы деңгейде қалады. Біз тек телефонның “таза” екенін растайтын жүйені енгізіп отырмыз. Салық мөлшерлемелері бұрынғы қалпында қалады, өзгеріс болмайды. Sulpak, Technodom сияқты техника сататын дүкендерден де және телефон сатумен айналысатын кез келген басқа адамнан да алуға болады. Егер ол адал жеткізуші болып, түпнұсқа өнімді алып келсе, онда кімнен сатып алатыныңыздың айтарлықтай айырмашылығы жоқ. “Қара тізімге” әдетте ұрланған телефондар енгізіледі. Егер телефонды шетелде ұрлап, кейін оны Қазақстанға жеткізсе, ол телефон халықаралық база арқылы тексеріледі. Егер ол іздеуде тұрған телефон болса, онда ол жұмыс істемейді және “қара тізімге” енгізіледі”, – деді Диас Төлегенов.
Сондай-ақ Диас Төлегенов құрылғыны сатушы тарапынан заңсыздықты байқаған жағдайда сатып алушы Қылмыстық кодекске сәйкес сотқа жүгіне алатынын атап өтті. Қазақстанда телефонды заңсыз әкелу (контрабанда, кедендік ережелерді бұзу немесе ұрлық) заң бұзушылықтың сипатына қарай қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.
1. Контрабанда (Кедендік ережелерді бұзу)
Егер телефон жасырын түрде, декларациясыз, жалған құжаттармен немесе кедендік бақылаудан айналып өтіп әкелінсе, бұл Қылмыстық кодекстің 234-бабына (“Экономикалық контрабанда”) сәйкес қылмыс болып саналады.
Жаза:
- айыппұл,
- немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу,
- немесе 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру (егер қылмыс топпен жасалса, ірі көлемде немесе жалған құжаттар қолданылса).
Егер бұл заң бұзушылық кедендік төлемдерден жалтарумен байланысты болса, Қылмыстық кодекстің 236-бабы (“Кедендік төлемдерден жалтару”) қолданылады.
Жаза:
- 3 000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл (2024 жылы шамамен 10,3 миллион теңге),
- немесе түзету жұмыстары,
- немесе 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру (егер төленбеген салық көлемі өте үлкен болса).
2. Ұрлық (Егер телефон шетелде ұрланып, Қазақстанға әкелінсе)
Егер сатып алушы басқа елде ұрланған телефонды Қазақстанға әкелсе, ол Қылмыстық кодекстің 188-бабына (“Ұрлық”) сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
Жаза (шығын көлеміне байланысты):
- Ұсақ ұрлық (50 АЕК-ке дейінгі шығын) – айыппұл немесе түзету жұмыстары.
- Едәуір шығын (50-500 АЕК аралығы) – 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
- Өте ірі шығын (500 АЕК-тен жоғары) немесе қылмыс топпен жасалса – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
3. Ұрланған телефонды сатып алу
Сатып алушы телефонның ұрланғанын білмеген жағдайда, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Алайда егер оның телефонның қылмыстық жолмен табылғанын білгені дәлелденсе, бұл Қылмыстық кодекстің 196-бабына (“Қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе өткізу”) жатады.
Жаза:
- айыппұл,
- немесе бас бостандығын шектеу,
- немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру.
Қандай тізімдер болады?
Телефондар үш топқа бөлінеді:
- Ақ тізім – тіркеуден өткен, еш шектеусіз жұмыс істейтін құрылғылар.
- Сұр тізім – уақытша рұқсат берілген құрылғылар. Иесі 30 күнде оны заңды түрде әкелгенін дәлелдеуі керек.
- Қара тізім – заңсыз, жалған немесе ұрланған құрылғылар. Олар бұғатталады.
Не тексеріледі?
Жаңа телефонды тіркегенде оның:
- IMEI кодының түпнұсқалығы
- Ұрланған немесе бұғатталған құрылғылар тізімінде бар-жоғы
- Қазақстанға заңды түрде әкелінген-әкелінбегені қаралады.