Қазір біз мемлекет Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қазақстандықтардың ақшасын Ұлттық банк арқылы қалай басқарып отырғанына шолу жасаймыз.
БЖЗҚ-ның жалпы ішкі өнімдегі үлесі төмендеп келеді
БЖЗҚ-дағы қажеттілік шегінен артылған соманы тұрғын үй мен емделуге жұмсау рұқсаты берілгеннен бері қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарына деген қызығушылығы артқаны байқалады. Бұл үрдісті халықтың қаржылық сауатын көтеретін оң тенденция деп бағалауға болады. Әлеуметтік желіден «БЖЗҚ-дағы ақшам бір түннің ішінде ондаған мың теңгеге кеміп қалыпты» дейтін шағымдарды жиі оқитын болдық. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі де, БЖЗҚ басшылығы да ондай шағымдарға шоттағы ақшаның көлемі инвестициялық табысқа байланысты құбылып тұратынын айтудай-ақ айтып келеді.
– Өкінішке қарай, салымшылар жиі түсінбей жатады. БЖЗҚ-ның инвестициялық табыстылығын кейінгі екі айдың қорытындысына қарап бағалауға болмайды. «Мен шығынға баттым» деп жатады. Бұл – олай емес. Инвестициялық табыстылықты ұзақ мерзіммен есептеп қарау керек, – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.
Бірақ бүгін немесе ертең ұлғайтылған соманы тұрғын үй мәселелерін шешуге немесе емделуге жұмсамақ болған адам үшін сол сәтте шоттағы ақшаның таусылып қалғаны әділетсіз болып көрінетіні анық. Қарапайым логикаға сәйкес келмейтін қаржы нарығының қалталарын қарапайым тілмен талдап көрейік.
Осылайша,елімізде БЖЗҚ-да міндетті салымшылар ретінде 11 млн 141 мың 115 адам, ерікті салымшылар ретінде 439 мың 212 адам, міндетті кәсіптік зейнетақы салымшылары ретінде 714 мың 78 адам тіркелген. Бұл БЖЗҚ-ға ай сайын 20 млн астам тұрғынның 12,2 млн ақша аударатынын білдіреді.
Өткен жылы салымшылардың шоттарындағы жинақ 4 трлн 674,2 млрд теңгені құрады. Осылайша, БЖЗҚ активтерінің жалпы сомасы 22 трлн 538,9 млрд теңгеге жетті.
Қордың бір жылдағы таза инвестициялық кірісі 3 трлн 334,8 млрд теңгеге немесе 35,6%-ға өсті. 12 айда қорға 1 трлн 323,9 млрд теңге төленді. Оның 407,2 млрд теңгесі тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 178,3 млрд теңгесі емделуге біржолғы төлем ретінде қарастырылған.
Бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарындағы ақшаның жалпы массасы 26,2%-ға өсті. Оның ішінде ерікті жарналар сомасы 5,3 млрд теңгеден 7,9 млрд теңгеге дейін немесе 49,1%-ға өсті.
БЖЗҚ активтерінің теңгедегі сомасы жыл сайын артып келеді, бірақ елдің ЖІӨ үлесі 2022 жылдың қаңтарынан бастап төмендей бастады. Бұл көрсеткіш 2022 жылдың басында 18,3 пайызды, 2023 жылы 15,6 пайызды және 2024 жылы 14,9 пайызды құрады.
БЖЗҚ-ның инвестициялық портфелінде қай елдің үлесі көбірек?
Ұлттық Банктің “тым консервативті” болып табылатын бжзқ активтерін инвестициялау саясатын сынаушылар барған сайын ашық айтуда. Шынында да, БЖЗҚ ақшасы табыстылық көрсеткіші ұзақ мерзімді перспективада ғана жақсы нәтиже беретін активтерге инвестицияланады. Алайда, тәуекел жеткілікті аз, сондықтан акциялар мен облигациялардың құны күрт төмендейді.
Жақында Сенат ұйымдастырған дөңгелек үстелде бұл саясаттың біртіндеп өзгеретіні айтылды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Ұлттық Банк, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы, БЖЗҚ және зейнетақы активтерін басқару компаниялары өкілдерінің жұмыс тобы кірістіліктің ең төменгі деңгейіне жаңа көзқарасты енгізу үшін жиынтық индексті ұсынды.
Бұл тәсіл шетел валютасына инвестициялау лимиттерін ұлғайтуға, ETF (әр түрлі компаниялар ұсынатын құралдардан құрылған әмбебап акциялар) сатып алу мүмкіндігін ашуға бағытталған.
БЖЗҚ – ұлттық қор емес
Қаржы сарапшыларының арасында БЖЗҚ-ның инвестициялық саясатын барынша мұқият құру керек деп санайтындар көп. Ақыр соңында, ат төбелесі сияқты топтың дұрыс емес шешімі миллиондаған адамдар тапқан зейнетақы жинақтарын құнсыздандыруы мүмкін.
Мария Хаджиеваның Сенат депутатының сұрағына жауап бере отырып:
– БЖЗҚ – Ұлттық қор емес. Ол жерде әрбір қазақстандықтың еңбекпен тапқан ақшасы жатыр, – дегені осы пайымдармен үндес.
Мұндай күмәндер БЖЗҚ ақшасы «Эйр Астана» акционерлік қоғамының акцияларына салынғаннан кейін күшейе түсті. Осыдан бір жыл бұрын ІРО-ға шығарылған кезде Air Astana акциялары 1 200 теңгеден сатылған болатын. Бір жылдың ішінде акциялардың құны 25 пайыз түсіп кеткен.
Компания басшысы Питер Фостер жуықта БАҚ-қа берген сұхбатында бұл жағдайды бүкіл әлемдегі тенденция ретінде бағалап, нарықтағы ірі ойыншылардың ішінде 1-2 компанияның акциясы ғана 2024 жылы өсім көрсеткенін айтты.
«БЖЗҚ ақшасын әуе компаниясының акциясына салар кезде шешім қабылдаған лауазымды адамдар осы жағын неге ескермеген?» дейтін сұрақ туындайды.
Ұлттық банк Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов биылғы көрсеткіштерге қарап Air Astana акцияларына ақша салу қате болды деп айтуға ерте деп есептейді.
– Инвестициялық қызметті нақты бір қаржы құралымен ғана өлшеуге болмайды. Өз сәтінде табысты құралдар да, табысы азырақ құралдар да болады. Бұл жұмысты белгілі кезеңде және портфельдер жиынтығында қарау керек. Жалпы инвестициялар портфелін алып қарасақ, үлесі 0,1 пайыз ғана шығар. Сондықтан нақты бір құралдың белгілі бір уақытта құлдырап кеткеніне қарап. инвестицияның қаншалықты сәтті не сәтсіз болғанын бағалауға болмайды. Мен жалпы портфельді бағалай аламын. Жалпы портфель айтарлықтай табысты, – дейді Ұлттық банк өкілі.
Жалпы 2024-2025 жылдарға БЖЗҚ-дан 2 трлн теңгеге дейін ғана алу туралы шек қойылған.
– Бүгінге дейін қордың 173 млрд теңгесі Өнеркәсіпті дамыту қорының көлік инфрақұрылымы саласындағы жобаларын қаржыландыруға, 213 млрд теңгесі агроөнеркәсіп кешені жобаларын қаржыландыруға бағытталды, – дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов.
Ұлттық экономика министрлігі БЖЗҚ-ның 1,5 трлн теңгесін «Самұрық-Қазынаның» электр энергиясын өндіру және газ өңдеу жобаларына беруді ұсынып отыр.
Ал аталып өткен 173 млрд теңге «Бәйтерек» арқылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына Stadler вагондарын сатып алуға берілді. Ел арасында «ҚТЖ» – ұлттық компаниялардың ішіндегі ең тәуекелі жоғары құрылым» дейтін пікір бар. 2024 жылы Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайыловтың «Қазақстан темір жолы» дефолт алдында тұрғанын айтқаны есімізде. Құзырлы органдағы құзыретті мамандардың өзі жағдайын осылай бағалап отырған компанияның жобасына БЖЗҚ ақшасының салынып жатқанын салымшылар ұнатып отыр деуге келмес.
Жинағыңызды өзіңіз басқарғыңыз келсе…
Осындайда салымшылар тарапынан: «Жинақтағы ақшамызды неге бізбен ақылдасып салмайды», «Бірде кедей, бірде бай «ҚТЖ» мен Air Astana-ға салғанша әлем бойынша табыстылардың көшін бастап тұрған Apple, Microsoft, Tesla-ға неге салмайды?» – дейтін сұрақ көп қойылады.
Ұлттық банк өкілі Нұржан Тұрсынхановтың Сенат қабырғасында айтқан мәліметіне сүйенсек, БЖЗҚ ақшасы салынған шетелдік валютамен сақтаулы 1 мыңнан астам эмитенттің ішінде Apple, Microsoft, Tesla-ның құралдары да бар.
Бұл жерде әңгіме әлемнің дамыған елдеріне тиесілі компаниялардың акцияларынан тұратын Custom MSCI World Index эталон портфелі туралы болып отыр. Қаңтарда акциялар субпортфелінің құны 165,55 млрд теңгеге ұлғайған. 23 дамыған елге тиесілі компаниялардың 1 352 акциясынан құралған индекстің 73,2%-ы АҚШ компанияларының акциялары болып отыр. Соның ішінде ең табысты он құралдың арасында Apple бірінші, Microsoft үшінші, Tesla жетінші орында тұр.
Нұржан Тұрсынханов салымшылардың «БЖЗҚ ақшасын инвестицияламай тұрып бізбен неге ақылдаспайды?» деген уәжін орынсыз деп есептейтінін айтады.
– Әлеуметтік кодекс пен Ұлттық банк туралы заңда Ұлттық банк зейнетақы активтерін сенімгерлік негізде басқарушы болып бекітілген. Бүгінгі таңда зейнетақы қорында 22 трлн теңгеден астам ақша бар. Ұлттық банктің міндеті – қордың шынайы табыстылығы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,6 пайыз болғанда, БЖЗҚ табыстылығы 17,84 пайыз болды. Сонда біз салымшыларға шынайы мәнде 9 пайыз табыс әкелдік деген сөз. Кейінгі 10 жылдың көрсеткішін қарасақ, жиынтық инфляция 156 пайыз болғанда, табыстылық 180 пайыз болды. Демек, кейінгі 10 жылда Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ жыл сайын инфляция деңгейінен жоғары табыстылық көрсетіп келеді, – дейді ол.
Заңнамаға сәйкес салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-на дейінгі инвестициялық портфельді жеке менеджерлерге аудара алады. Ол үшін салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына басқарушы компанияны таңдау туралы өтініш беруі керек. Ал мұндай менеджерлердің тізімін қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өзінің ресми сайтында үнемі жаңартып отырады.
Қысқасы, БЖЗҚ ақшасын Ұлттық банкке салу саясатына көңілі толмайтын адам өзіне лайықты басқарушы компанияны таңдап, жинақтарының жартысын осы салада маманданған адамдарға сеніп тапсыра алады.
2025 жылдың басындағы жағдай бойынша 50 мыңнан астам салымшының 65 млн теңгеден астам жинақ ақшасы жеке компаниялардың басқаруында. 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша зейнетақы жинақтарының бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аудару туралы өтініштердің саны мен көлемі келесідей:
1 қаңтардағы жағдай бойынша “Jusan Invest” АҚ сенімгерлік басқаруындағы Зейнетақы активтері 10 млрд 728,34 млн теңгені құрады. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 12,81%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 4,78%, еуромен 9,9% құрайды.
“Halyk Global Markets” АҚ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі 4 млрд 846,99 млн теңгеге жетті. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 12,17%-ды, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 5,91%-ды құрады.
“BCC Invest” ақ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 5 млрд 506,86 млн теңгені құрады. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 12,63%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 6,06% құрады.
“Halyk Finance” сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 42 млрд 242,07 млн теңгені құрады. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 11,72%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 5,42% құрайды.
“Сентрас Секьюритиз” АҚ сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтері 1 млрд 907,89 млн теңгені құрады. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 12,29%, доллармен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 5,30% құрады.
Ал БЖЗҚ-ның Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 22 трлн 415 млрд теңгеге жетті. Теңгемен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі жылдық 11,33%-ды, шетел валютасымен номиналданған құралдардың орташа кірістілігі 5,05%-ды құрады.