Мемлекеттік кірістер комитеті мұғалім мен дәрігердің қандай жағдайда табысын декларациялау керектігін түсіндірді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
– Егер мұғалім қандай да бір ұйымда жұмыс істейтін болса және жеке табыс салығы төлем жасаушыдан ұсталса, онда декларация тапсырудың қажеті жоқ, – деді Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Жеке тұлғалар кірісін әкімшілеу басқармасы бастығының орынбасары Әсемгүл Мұстафина комитеттің Instagram парақшасында өткен тікелей эфир барысында.
Дегенмен, ол қандай жағдайда мұғалімдер табысын декларациялау қажеттігін атап өтті.
– Егер мұғалім фриласер ретінде өзге жеке тұлғаға қызмет көрсетсе, онда ол мұны 270 нысанында көрсетуі тиіс және оған дербес алынған кіріс ретінде салық салынады, – деді Әсемгүл Мұстафина.
Комитет өкілінің атап өтуінше, медицина қызметкері ауруханаға жұмысқа орналасып, сол жерден жалақы алатын болса, онда декларация тапсыру қажет емес.
– Өйткені, олар мемлекеттік қызметші емес, ауруханада жұмыс істейді. Ал аурухана басшысы егер мекеме мемлекеттік ұйым болса, онда декларация тапсыруға міндетті. Бірақ, аталған аурухана дәрігерлері сол жерден жалақы алғандықтан декларация тапсырудан босатылады. Олар қалған табыстары бойынша декларацияны дербес тапсырады, – деді ол.