Елімізде біреудің пәтерін жалға алып тұратын азаматтар саны аз емес. Кейбір жағдайда баспана иесі ешбір негізсіз немесе келісімшарт шарттарын бұзып, жалға алушыдан үйді босатуды талап етеді. Мұндай кезде жалға алушы не істеуі қажет? Оның қандай құқықтары бар және заңға қайшы әрекеттерге қалай қарсы тұруға болады?
Заңдық негіздер
Қазақстанда тұрғын үйді жалға беру мәселелері Азаматтық кодекспен, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңымен және Салық кодексімен реттеледі. Заңгер Нұрлан Жаңабаевтың айтуынша, тек өз құқығыңды емес, екінші тараптың да міндеттері мен құқықтарын білу — дау-жанжалдың алдын алуға сеп болады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тұрғын үйді жалға берудің екі формасы бар:
-
Пәтерді толық жалға алу — пәтер иесінен бөлек тұру;
-
Бөлмені немесе оның бір бөлігін жалға алу — меншік иесімен бірге тұру.
Жалға алу келісімі: негізгі қағидалар
Жалға алу келісімі мерзімді (белгілі бір уақытқа) не мерзімсіз болуы мүмкін. Егер келісім мерзімі бір жылдан асса, ол ХҚКО-да тіркелуі тиіс. Шартта міндетті түрде:
-
жалдау ақысының көлемі;
-
төлем кешіктірілген жағдайда айыппұл мөлшері;
-
келісімді бұзу тәртібі;
-
тараптардың құқықтары мен міндеттері нақты жазылуы қажет.
Жалға беруші баспананы қолайлы күйде тапсыруы тиіс, ал жалға алушы — төлемді уақытында жүргізіп, келісім талаптарын орындауы керек.
Жалға алушыны негізсіз үйден шығаруға бола ма?
Қазақстанда заң жүзінде жалға беруші жалға алушыны еш себепсіз пәтерден шығара алмайды. Мұндай жағдайлар тек:
-
үнемі төлем жүргізілмеген жағдайда (көбіне екі айдан астам) — ҚР Азаматтық кодексінің 556-бабы;
-
келісім талаптары бұзылғанда — мүлікке зиян келтіру, баспананы заңсыз мақсатта пайдалану;
-
келісім мерзімі аяқталған соң — шарт ұзартылмаған жағдайда;
-
сот шешімі негізінде ғана жүзеге асуы мүмкін.
Өз бетімен пәтерден шығару — заңсыз әрекет болып табылады. Тіпті жалға алушы берешек болса да, оны тек соттың шешімімен ғана шығару мүмкін. Мұндай жағдай ҚР Қылмыстық кодексінің 389-бабы бойынша «өзінше билік ету» ретінде қаралып, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады.
Жалға алушының құқықтары мен міндеттері
Құқықтары:
-
заңсыз шығарудан қорғану — сот шешімінсіз пәтерден шығару мүмкін емес;
-
пәтерді жөндеп ұстауға — оны жарамды күйде ұстау жалға берушінің міндеті;
-
келісімді ұзарту — егер барлық талаптар орындалып тұрса.
Міндеттері:
-
жалдау төлемін уақытында төлеу;
-
мүлікке ұқыппен қарау;
-
үйді келісімде көрсетілген мақсатта пайдалану — мысалы, жалға берушінің жазбаша рұқсатынсыз үшінші тарапқа қайта жалға беруге болмайды.
Құқық бұзылған жағдайда қайда жүгінуге болады?
Егер жалға беруші келісімді бұзып, заңсыз шығарамыз деп қорқытса немесе қысым көрсетсе, жалға алушы өз құқығын қорғау үшін:
-
сотқа жүгінуі;
-
егер қорқыту немесе қоқан-лоққы болса — прокуратураға шағымдануы;
-
Әділет министрлігінің тегін заң көмегін пайдалану (119 нөміріне, не Алматы мен Астана қалаларында — 58-00-58 нөміріне хабарласу);
-
әкімдікке жүгіну (әлеуметтік тұрғын үй мәселесі бойынша) құқылы.
Шарт болмаған кездегі тәуекелдер
Егер келісім жазбаша түрде рәсімделмеген болса, бірақ жалға алушы жүйелі түрде төлем жасап келсе — банк төлемдері, түбіртектер мен жазбаша хаттар жалға алу фактісін дәлелдейтін құжат ретінде қабылдануы мүмкін. Алайда, ресми құжаттың болмауы жалға алушының мүддесіне кері әсер етуі ықтимал: мысалы, дау туындағанда немесе кенеттен пәтерден шығарылғанда құқықтарын дәлелдеу қиындай түседі.
Салық мәселесі
Заң бойынша, баспанасын жалға беретін тұлға табыс салығын төлеуге міндетті. Егер келісімсіз жалға берілсе, меншік иесі салықтан жалтарғаны үшін әкімшілік немесе қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін.