700 теңгелік сапасыз ойыншықтан бастап, миллиондаған теңге тұратын жылжымайтын мүлікке дейін — қазақстандықтар өз құқықтарын қорғап, тауар мен қызмет сапасына қатысты өтемақы талап етуге батыл кіріскен. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айлары аралығында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мен оның аумақтық департаменттері азаматтарға тауарлар, қызметтер және жылжымайтын мүлік сатып алу кезінде орын алған құқықбұзушылықтар бойынша құқықтық көмек көрсеткен.
— Осы аралықта тұтынушылардың шағымдары бойынша жалпы сомасы 881,3 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды. Шағымдар көбінесе сапасыз тауарлар (автокөліктер, косметика, ұялы телефондар), орындалмаған қызметтер (шипажай жолдамалары, қоғамдық тамақтану, фитнес, туризм), сондай-ақ рәсімделмеген немесе уақтылы берілмеген жылжымайтын мүлікке қатысты болды, — делінген Сауда және интеграция министрлігінің хабарламасында.
Нақты мысалдар:
-
Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған жылжымайтын мүлік кейін үшінші тұлғаға сатылған. Бұл жағдай департамент араласуымен оң шешімін тапты.
-
Қарағанды облысында шарт талаптары бұзылып, 45 күннен астам уақыт берілмеген пәтер мәселесі шешіліп, тұтынушы 33,5 млн теңгенің тұрғын үйіне қол жеткізді.
-
Семейде қоғамдық тамақтану орнында тапсырыс орындалмаған. Мекеме тұтынушылар бұрышын орналастырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
-
Ақтөбе облысында туроператорларға қатысты шағым нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы тұтынушыға қайтарылды.
-
Павлодар мен Жетісу облыстарында топтық қорғау аясында тұтынушыларға:
-
косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие,
-
жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылған.
-
-
Түркістан облысында орындалмаған Дубай турына 1,2 млн теңге қайтарылса,
-
Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін фитнес қызметтері үшін өтемақы берілді.
Сонымен қатар:
— Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғады, — делінген министрлік хабарламасында.
Жалпы нәтиже:
Сауда министрлігінің дерегінше, соңғы үш жылда тұтынушыларға 1 триллион теңгеден астам қаражат қайтарылған.