Қазақстан жоғары білім беру саласында аймақтық хабқа айналуда. 2024 жылы елдегі жоғары оқу орындарында 31,5 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл — соңғы бес жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Салыстыра кетсек, 2020 жылы бұл сан 28,1 мың болса, 2022 жылы пандемия салдарынан 26 мыңға дейін төмендеген. Дегенмен 2024 жылы шетелдік студенттер легі қайта артып, елдің білім беру жүйесіне деген сенімділікті дәлелдеді.
Үндістан көш бастап тұр
Соңғы жылдары Қазақстанда білім алуға қызығушылық танытқан елдердің қатарында Үндістан көш бастап тұр. 2020 жылы 4 340 үндістандық студент болса, 2024 жылы олардың саны 12 020-ға жеткен — бұл үш еседен астам өсім. Үндістан азаматтары негізінен медицина, ақпараттық технологиялар және инженерия салаларын таңдайды. Бұл бағыттағы өсім Қазақстанның медицина саласындағы жоғары оқу орындарының халықаралық беделінің артуымен байланысты.
ТМД елдерінен де қызығушылық жоғары
Түрікменстан мен Ресейден келетін студенттердің саны да жыл сайын артуда. Түрікменстаннан 2020 жылы 2 989 студент оқыса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 3 962-ге жеткен. Ресейлік студенттер саны да үш есеге артқан — 2020 жылғы 1 176-дан 2024 жылы 3 005-ке дейін өскен. Ресей азаматтары үшін Қазақстандағы жоғары оқу орындары оқу жүйесінің ұқсастығы, қолжетімді баға және дипломдардың өзара мойындалуы арқылы тартымды болып отыр.
Азиядан ағылған ағым
Қытай мен Пәкістаннан келетін студенттер саны да айтарлықтай өсіп отыр. Қытайлық студенттер саны екі есеге артып, 2 089 адамға жеткен. Олардың таңдауы техникалық және инженерлік бағыттарға түсіп отыр. Ал Пәкістаннан келген студенттер саны он бір есеге артып, 2020 жылғы 107-ден 2024 жылы 1 192-ге жетті. Бұл өсім Қазақстанның халықаралық білім көрмелеріне белсенді қатысуының және білім бағдарламаларын шетелде тиімді насихаттаудың нәтижесі.
Қазақстан — аймақтық білім хабы
Осылайша, Қазақстан бүгінде тек ТМД кеңістігінен ғана емес, Азияның алыс елдерінен де студенттер тартатын білім хабына айналып келеді. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, 2025 жылғы деректер әлі толық қорытындыланбағанымен, ағымдағы көрсеткіштерден-ақ өсімнің жалғасып жатқанын көруге болады.
Мұндай динамика Қазақстанның жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттігін, оқу бағдарламаларының сапасын және халықаралық ықпалдастығының артып келе жатқанын көрсетеді. Алдағы жылдары бұл үрдіс жалғасып, елдің білім саласы жаһандық деңгейде одан әрі таныла түсуі ықтимал.