G7 елдерінің көшбасшылары Иранның ешқашан ядролық қаруға ие болмауы керек екенін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме қазіргі геосаяси ахуалға, Таяу Шығыстағы тұрақсыздық пен ядролық қауіпсіздікке алаңдаушылық аясында жасалды. Ал шын мәнінде ядролық қаруға кім ие және неге тек кейбір мемлекеттерге ғана рұқсат берілген?
Ресми ядролық державалар — бесеу
1970 жылы күшіне енген Ядролық қаруды таратпау туралы шарт (ЯҚТШ) ядролық қарудың таралуын шектеу мақсатында қабылданды. Бұл шартқа бүгінде 191 ел қосылған. Алайда оның ішінде тек бес мемлекетке ғана ресми ядролық держава мәртебесі берілген. Олар:
-
АҚШ
-
Ресей (бұрынғы КСРО)
-
Ұлыбритания
-
Франция
-
Қытай
Бұл елдердің барлығы 1967 жылдың 1 қаңтарына дейін ядролық қаруды жасап, сынақтан өткізген.
ЯҚТШ-тан тыс қалған елдер
Ресми мәртебеден тыс ядролық қаруға ие мемлекеттер де бар:
-
Үндістан
-
Пәкістан
-
Израиль (ресми түрде мойындамайды)
-
Солтүстік Корея (шарттан шыққанын жариялады)
Бұл мемлекеттер ЯҚТШ-ға қосылмаған немесе шарттан шыққан. Алайда олардың ядролық бағдарламасы халықаралық деңгейде алаңдаушылық тудырып отыр.
Иран неге ерекше назарда?
Иран ЯҚТШ-қа қатысушы ел. Алайда оның ядролық бағдарламасы жиі халықаралық тексерістерге ұшырап келеді. G7 елдері мен БҰҰ Иранның бағдарламасын бейбіт мақсатта ғана пайдалануын талап етеді. Қазіргі геосаяси шиеленіс пен Израильмен арадағы қарсыластық Иранның ядролық қаруға ұмтылысы туралы күдіктерді күшейтуде.
Әлемде қанша ядролық қару бар?
Стокгольм бейбітшілікті зерттеу институтының (SIPRI) 2024 жылғы деректеріне сәйкес, бүгінде әлемде шамамен 12 241 ядролық оқтұмсық бар. Оның ішінде:
-
9 614 — әскери арсеналда (қолдануға дайын)
-
3 912 — зымырандар мен ұшақтарға орналастырылған
-
2 100 — жоғары әскери дайындықта
-
Қалған бөлігі — қоймаларда сақтаулы
Жаңғырту мен қауіп
Ядролық арсеналын жаңғыртып жатқан мемлекеттер қатары өсіп келеді:
-
АҚШ — қаржыландыруда қиындықтарға қарамастан, жаңғырту бағдарламасын жалғастыруда.
-
Ұлыбритания — әзірге арсеналын ұлғайтпаса да, болашақта көбейтуі мүмкін.
-
Үндістан, Пәкістан — жеткізу жүйелерін дамытып жатыр.
-
Израиль — ресми мойындамаса да, ядролық әлеуетін жетілдіруде.
Қазақ ұстанымы қандай?
Қазақстан — ядролық қарусыздану саясатын ұстанушы ел. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Астана халықаралық форумында ядролық қаруы бар мемлекеттер арасындағы шиеленіс әлем қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отырғанын атап өтті.