Қазақстан Халықаралық Қайта құру және даму банкінен (IBRD) 84 миллиард теңге көлемінде қарыз алып, мыңнан астам шалғай ауылды талшықты-оптикалық интернетпен қамтамасыз етпек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Мәжіліс отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды kaskelen.kz порталы.
Министрдің айтуынша, аталған жоба «Қазақстан экономикасын инклюзивті дамыту үшін дайындалған жедел цифрландыру» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Қазір еліміздің көптеген ауылдарында интернет бар болғанымен, оның сапасы талапқа сай емес. Осыны ескере отырып, үкімет «соңғы миль» деп аталатын — яғни әр үйге дейін талшықты-оптикалық желіні тартуға бағытталған кешенді жобаны қолға алды.
«Жоба қала мен ауыл арасындағы цифрлық теңсіздікті жедел азайтуға бағытталған. Келісімнің мақсаты – телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, яғни ауылдық жерлерде интернет желісін үй шаруашылықтарына дейін жеткізу, сонымен бірге жеке инвестициялар тартып, байланыс саласындағы шағын және орта операторларға қолдау көрсету. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 84 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде жоба шеңберінде капиталды шығындардың 50 пайызға дейінгі бөлігі субсидияланады», – деді Жаслан Мәдиев.
Жоба 2025–2027 жылдары іске асады. Осы үш жыл ішінде 1123 ауыл қамтылып, 2,3 миллион адам немесе 500 мыңнан астам үй шаруашылығы кеңжолақты интернетке қол жеткізеді деп жоспарланып отыр.
Шағын және орта операторларға басымдық беріледі
Министрлік шалғай ауылдарға интернет жеткізуге шағын және орта байланыс операторларын тартпақ. Себебі ірі телекоммуникациялық компаниялар үшін бұл бағыт қаржылық жағынан тиімсіз болуы мүмкін. Осыны ескерген үкімет әр жобаның 50 пайызына дейінгі бөлігін субсидиялау арқылы жеке секторды ынталандырмақ.
«Жоба конкурсына кемінде 350 жеке абоненті бар және қаржылық тұрақтылығы дәлелденген шағын және орта байланыс операторлары қатыса алады. Сондай-ақ, бір шағын жобаға берілетін субсидияның ең жоғары мөлшері 250 млн теңгеге дейін болатынын атап өткім келеді», – деді министр.
Оның айтуынша, жоба аясында 800-ден астам уақытша және 200-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, бюджетке 2 млрд теңгеден астам салық түсімі түседі деп күтілуде.
Депутаттар қарсылық білдірді
Дегенмен, Мәжіліс отырысында депутаттардың кейбірі бұл бастамаға сын көзбен қарады. Олар қазірдің өзінде мемлекеттік бағдарламалар аясында миллиардтаған теңге бөлінгенін айтып, неге қарыз алу қажеттілігі туындағанын сұрады.
«Сіздерге бағынысты ведомство бұл іс-шараларды орындамай отыр. 2024–2027 жылдарға 3 033 ауылдық елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу жоспарланған. Бұл үшін республикалық бюджеттен 73 миллиард теңге бөлінетіні жоспарланған. Яғни бюджетте қаржы қарастырылса, не үшін сіздер қарыз алып жатырсыздар? Бұл Халықаралық банктің қайырымдылық көмегі емес қой, оны қайтару керек. Бұл қарыз үшін біздің ұрпақтарымыз жауап береді», – деді депутат Бақытжан Базарбек.
Министр болса, бұл жерде қаржының қосарланып бөлінуі немесе ысырапшылдық жоқ екенін айтып, былай деп түсіндірді:
«‘Қолжетімді интернет’ жобасында сіз атап өткен 1,4 трлн теңгенің басым бөлігі – жеке инвестициялар. Яғни бұл республикалық бюджеттің ақшасы емес. Бюджет комиссиясы тек жылдың соңында, желтоқсан айында бұл сомаға рұқсат берді. Қыс мезгілінде құрылыс жұмыстарын жүргізу қисынсыз. Осыдан кейін біз жобаны қайта форматтап, бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында өзгерістер енгіздік», – деді ол.
Мәдиевтің айтуынша, бұл жоба «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына енбеген ауылдарға бағытталған. Яғни, екі бағдарлама бір-бірін толықтырады.
Спутниктік интернет туралы не айтылды?
Мәжіліс отырысында депутат Мұрат Әбенов спутниктік интернет арқылы мәселені шешуге болмас па деген сауал қойды. Министр бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатқанын, Starlink компаниясымен түпкілікті келісімге қол қойылғанын, сондай-ақ OneWeb, Amazon Kuiper секілді баламалармен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.
«Біз талшықты-оптикалық байланыс желісін тартуды Қазақстанның барлық өңірінде негізгі инфрақұрылым деп есептейміз. Өйткені бұл елге, инфрақұрылымға жасалған инвестиция. Бұл жүйе 15–20 жыл бойы сапалы байланыспен тұрақты түрде қамтамасыз ете алады. Ал спутниктік интернет – шетелдік провайдерлердің қызметі. Сондықтан ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан әрдайым балама болуы керек деп есептейміз», – деді министр Мәдиев.
Шешім қабылданды
Талқылау соңында депутаттардың 77-сі қолдап, 5-еуі қарсы болып, 6 депутат қалыс қалды. Осылайша, Халықаралық Қайта құру және даму банкінен қарыз алу туралы келісім ратификацияланды.
Енді бұл жоба ауылдық аймақтарды цифрландырумен қатар, технологиялық тәуелсіздік пен өңірлік даму үшін де маңызды қадам болмақ.