Қазақстанда тұрғын үй нарығында тәуекелі жоғары құрылыстар қатары артып келеді. Жергілікті атқарушы органдардың жүргізген мониторингі нәтижесінде рұқсат құжаттары жоқ немесе бірыңғай оператордың кепілдігі берілмеген 99 құрылыс нысаны анықталды. Бұл нысандар болашақта проблемалық жобалар санатына өтуі мүмкін. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі мәлімдеді.
Мәселенің жай-жапсарын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қала құрылысы және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің Құрылыс саласын дамыту басқармасының басшысы Ерлан Күлішев тарқатты.
«Бүгінде республика бойынша тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласында 42 проблемалық нысан бар, оларды 2026 жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдардың мониторинг жүргізу нәтижесінде 99 құрылыс нысаны анықталып отыр. Оларға жергілікті атқарушы органның рұқсаты немесе бірыңғай оператордың кепілдігі берілмеген. Аталған құрылыс нысандары болашақта проблемалық объектілер қатарына өтуі мүмкін», — деді Ерлан Күлішев елордада өткен жиын барысында.
Министрлік өкілі проблемалық құрылыс нысандарының пайда болуына құрылыс салушылардың заңдық олқылықтарды пайдаланып, азаматтармен түрлі келісімдер жасасуы әсер етіп отырғанын айтты.
«Проблемалық нысандардың пайда болуына бірқатар құрылыс компанияның азаматтық құқықтық қатынасқа сілтеме жасап, жеке тұлғалармен брон, инвестицияға қатысты түрлі шарттар жасасуы себеп болып отыр. Мұндай шарттар азаматтардың құқығы мен мүддесін тиісті деңгейде қорғауға мүмкіндік бермейді. Нәтижесінде нысанды тапсыру мерзімі кешігеді, сапасыз құрылыс және үлескерлердің шығынға батуына алып келеді», — деді ол.
Еске сала кетейік, 2024 жылғы 30 сәуірде Мәжіліс үлескер қаражаты есебінен тұрғын үй салу тәртібін жетілдіретін заңды қабылдады. Бұл құжат саладағы құқықтық олқылықтардың алдын алып, азаматтардың мүддесін жақсырақ қорғауға бағытталған.