Қазақстанда инсультке шалдыққандар саны артып барады, әсіресе бұл ауыр дерт жастар арасында жиілей түскен. Дәрігерлер бұған энергетикалық сусындарға тәуелділік пен дұрыс өмір салтының болмауы себеп деп отыр. Бұл мәселе Астанада өткен «Инсульт мектебі – 2025» ғылыми-практикалық конференциясында кеңінен талқыланды.
Жыл сайын елімізде кемінде 40 мың адам инсульт алады. Оның ішінде 5 мың науқас алғашқы 10 күнде, тағы 5 мың адам 1 ай ішінде көз жұмады. Дертке шалдыққандардың 35 пайызы қайтыс болса, 30 пайызы неврологиялық асқынулармен өмір сүруге мәжбүр. Көбінде бұл қозғалыс жүйесінің бұзылуы, сөйлеу мен есте сақтау қабілеттерінің төмендеуімен ұласады.
«Инсульттің басты себептері — қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті және жүрек аурулары. Бірақ халық бұл сырқаттардың барын көп жағдайда кеш біледі немесе емделмей жүре береді. Бұл – инсультке әкелетін жолдың басы», – дейді мамандар.
Сонымен қатар, жастар арасында ұйқының бұзылуы, күйзеліс, зиянды әдеттер мен дұрыс тамақтанбау – аурудың таралуын жылдамдатқан. Қазақстанда тұз бен холестеринді шамадан тыс тұтыну – қауіптің басты факторларының бірі.
«Статистикаға сүйенсек, елімізде адамдар тәулігіне орта есеппен 17 грамм тұз тұтынады. Ал қалыпты норма — 5 грамм. Холестериннің мөлшері де 400 мг-нан асып кеткен, ал ұсынылатын шек — 300 мг», – деді Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы Ержан Әділбеков.
«Тұз суды өзіне тартып, қан қысымын жоғарылатады. Бұл инсультке апарады. Майлы тағамдар мен холестерин де себеп. Өкінішке қарай, халықтың тек 20 пайызы ғана дәрі қабылдайды», – деді ол.
Инсультпен күрестің жаһандық жолы
Дүниежүзілік статистика да көңіл көншітпейді. Еуропа елдерінде соңғы жылдары инсульт 34 пайызға артқан. Әлем бойынша миллиондаған адам жыл сайын осы дерттен көз жұмады. Осы жағдайға байланысты халықаралық сарапшылар Елордада бас қосып, күресті күшейту жолдарын талқылады.
«Біз инсультті азайтудың жаңа тәсілін ұсынып отырмыз. Қазақстан да осы жобамызға қызығушылық білдірді. Егер ұсыныстарымыз жүзеге асса, 2030 жылға қарай инсульт көрсеткішін **80 пайызға дейін төмендетуге болады», – деді Литва инсульт қауымдастығының басшысы Александр Зеленский.
Қазақстанда бүгінде инсультке қарсы емдеу орталықтары жеткілікті, құрал-жабдықтар жаңартылған. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, азаматтар жиі шетелдік емханаларға жүгінеді. Бұл – бір жағынан артық шығын, екінші жағынан сол елдердегі мамандардың көбісі өзіміздің оқу орындарынан түлеп ұшқан дәрігерлер.
Емнің «алтын уақыты» — алғашқы 4,5 сағат
Инсульттің асқынуын болдырмау үшін алғашқы көмек уақытылы көрсетілуі тиіс. Мамандардың айтуынша, аурудың емі алғашқы 4,5 сағат ішінде ғана тиімді. Бұл кезеңнен кешігу өмірге қауіп төндіреді.