19 маусым – Дүниежүзілік балалар футболы күні. Бұл мереке 2001 жылдан бері FIFA мен БҰҰ Балалар қорының бастамасымен атап өтіледі. Негізгі мақсат – футбол арқылы балалардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыру.
Қазақстандағы балалар футболының қазіргі жай-күйі қандай?
Соңғы жылдары елімізде де балалар футболының даму қарқыны көңіл қуантады. Мемлекет деңгейінде қолға алынған бағдарламалар мен жергілікті бастамалар бұл бағытта нақты нәтиже бере бастады.
Алматылық «Қайрат» академиясының түлегі Дастан Сәтпаевтың ағылшындық «Челси» клубымен келісімге келуі – соның жарқын дәлелі. Бұл қазақ футболы тарихындағы айтулы оқиға болғалы тұр. Сонымен қатар дәл осы академияда тәрбиеленіп жатқан Дәурен Орынбасар да ресейлік клубтардың назарына ілініп отыр. Спорт журналисі Телжан Күдеров бұл жетістіктердің артында жүйелі жұмыс пен қолдаудың жатқанын айтады.
«Елімізде әрбір кәсіби футбол клубының жанынан балалар академиясы ашылуы қажет. Бұл – болашақ чемпиондарды тәрбиелеудің берік іргетасы», – дейді ол.
Академиялар мен турнирлер – жүйелі дамудың өзегі
Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) балалар-жасөспірімдер футболы үшін арнайы дайындық бағдарламасын енгізіп отыр. Бұл бағдарлама UEFA талаптарына сай жасалған. Балалардың физикалық және техникалық қабілеттерін шыңдауға басымдық береді. Қазіргі таңда:
-
300-ден астам жеке футбол мектебі жұмыс істейді;
-
19 футбол орталығы,
-
2 академия,
-
9 кәсіби клубтың дайындық топтары федерация ұйымдастыратын турнирлерге қатысады;
-
Жыл сайын 9000-ға жуық ойыншы республикалық жарыстарға қатысады.
«Арман», «Жастар», «Жалын», «Дарын» секілді дәстүрлі турнирлермен қатар, «Ұлттық мектеп лигасы» жобасы да кең көлемде жүзеге асуда. 2023 жылы осы жобаға 855 734 оқушы қатысқан.
Білікті бапкер – дарынды баланың жолсерігі
Жетістіктің бір ұшы – жаттықтырушының шеберлігінде. Бұл туралы кезінде «Қайсар» сапында ойнаған Нұрлан Әбуов былай дейді:
«Еуропада балалар футболы – табыс көзі. Мықты ойыншы шығарған бапкер жақсы табыс табады. Біз де осы жүйеге көшуіміз керек. Ол үшін бапкерлерді шетелге оқуға жіберіп, үздік тәжірибелерді үйрену қажет».
Ол елімізде дарынды балалар бар екенін, тек оларды тауып, тәрбиелеуге жағдай жасау керектігін атап өтті.
Қорытынды
Балалар футболы – ел болашағына салынған инвестиция. Тек доп теуіп қана қоймай, тәртіпке баулып, ерік-жігерді шыңдайтын бұл спорт түрі талай жастың арманына жол ашып жатыр. Ал қазақ футболының жұлдызы жансын десек, талантымызды ерте танып, еркін жетілуіне мүмкіндік бергеніміз жөн.