АҚШ пен Ұлыбритания Йеменнің солтүстігінде билік ететін “Ансар Аллах” қозғалысының (хуситтер) нысандарына қарсы әскери операция бастады, деп хабарлайды kaskelen.kz тілшісі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Ираншыл топқа қарсы зымырандық соққылар ұшақтардан, жер үсті кемелерінен және суасты қайықтарынан, сонымен қатар “Томагавк” қанатты зымырандарынан жасалып жатқаны айтылады.
Сана халықаралық әуежайын АҚШ-Британ коалициясы жаппай бомбалаған. Сана, Әл-Ходейда, Саада және Дамар провинцияларына да шабуыл жасалған. Соққылардың бірі Ходейда портының маңында болған.
“Бүгін менің бұйрығыммен АҚШ күштері Біріккен Корольдікпен бірге және Австралия, Бахрейн, Канада және Нидерландының қолдауымен Йемендегі хусит көтерілісшілері әлемдегі ең маңызды су жолдарының бірінде навигация бостандығына қауіп төндіретін бірнеше нысанаға сәтті соққы берді. Бұл соққылар хуситтердің Қызыл теңіздегі халықаралық теңіз кемелеріне жаасаған шабуылдарына, соның ішінде тарихта алғаш рет кемемен тасымалданатын баллистикалық зымырандарды қолдануына тікелей жауап”, – деді АҚШ президенті Джо Байден өзінің шұғыл үндеуінде.
Ақ үй басшысы 50-ден астам елдің коммерциялық кемелеріне 27 хусит шабуылы жасалғанын және 9 қаңтарда қозғалыс америкалық әскери кемелерге қарсы ең үлкен шабуылын жасады деп мәлімдеді.
Бейсенбі күні таңертең Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак Йеменге әскери араласудың жақын екенін министрлер кабинетіне хабарлады.
Йеменнің көп бөлігін бақылайтын хуситтер Хамасқа қолдау көрсету үшін аймақтағы кеме жолдарына шабуыл жасаған. Хусилер Израильмен байланысы бар немесе Израиль порттарына бара жатқан кемелерге шабуыл жасауға уәде берді.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қарашасында Йемендегі “Ансар Аллах” хуситтер тобының өкілі Яхья Сариа Израильге ресми түрде соғыс жариялап, Палестина халқын қолдауға бағытталған әскери операцияның басталғанын мәлімдеген.