Бас прокуратура 1 мамырда митингке шыққандар жазаланатынын жеткізді

Primary tabs

Apr 30, 2019 / 0 comments

Қазақстан бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов халыққа үндеу жасады.    

"Әлеуметтік желілерде және мессенджерлерде 1 мамырда рұқсат етілмеген митингілерге қатысу жөнінде шақырулар таратылып жатыр. Бас прокуратура ондай акцияларды өткізген жағдайда оған қатысқандардың әрекеттері бейбiт жиналыстар мен митингiлерді ұйымдастыру және өткiзу тәртiбi туралы заңды бұзу ретінде сараланатынын ескертеді", - деп жазылған қадағалау органы таратқан хабарламада.

Сондай-ақ үндеуде құқық қорғау органдары құқық бұзушыларға ден қойып, оларға тиісті шаралар қолдануға міндетті болатыны айтылған.

Осындай акцияларға қатысуға шақырғандар, оларды ұйымдастырғандар мен қатысқандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапкершілікке тартылады.

Егерде бұл әрекеттер елеулі зардап келтіретін болса, онда кінәлі адам Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша жазаланады, деп атап өткен бас прокурордың орынбасары.

Бас прокуратура еліміздің жоғарғы қадағалау органы ретінде азаматтарды заңды мүлтіксіз сақтауға, арандатуға ермеуге және заңсыз акцияларға қатысудан тартуға шақырады.