Биыл 12,2 миллион тонна негізгі мұнай өнімдерін экспорттау жоспарланған

Primary tabs

Feb 10, 2019 / 0 comments

Қазақстан бірінші жарты жылдықта мұнай өнімдерін экспорттауды бастау үшін заңнамалық базаны реттеу жұмысын аяқтауы тиіс. Бұл туралы энергетика министрі Қанат Бозымбаев Астанадағы коллегияда хабарлады.

"Осы жарты жылдықта мұнай өнімдерін экспорттау жоспарланған, негізінен Орта Азия елдеріне. Заңнамалық базасы аяқталайын деп қалды. Вице-министр Болат Ақшолақов тиісті келісімдерді ратификациялау және заңнамаға өзгертулер енгізу мәселесін айрықша бақылауына алуы тиіс", - деп атап өтті энергетика министрі.

Ведомство басшысы еске салып өткендей, 2018 жылы мұнай өңдеу секторында мұнай өңдеуші зауыттарды модернизациялау жобалары толығымен аяқталды.

 

"Өңдеу қуаты мен тереңдігі арттырылды, мұнай өнімдерінің сапасы К-4, К-5 еуропалық стандарттарға сай келеді. Мұнай өңдеу көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 8,6%-ға ұлғайып, 16,4 миллион тоннаны құрады. 2019 жылы 17,2 миллион тонна өңдеу жоспарланған, яғни қазіргіден 5%-ға артық", - деді Бозымбаев.

Оның хабарлауынша, биыл 12,2 миллион тонна негізгі мұнай өнімдерін экспорттау жоспарланған: авиакеросин, дизель отыны, бензин және мазут.

2018 жылдың қорытындысы бойынша нарықты отандық мұнай өнімдерімен қамту деңгейі бензин бойынша 93,2%-ға, дизель отыны – 91,1%-ға, авиакеросин - 62%-ға жеткен болса, биыл нарықтың аталған отандық мұнай өнімдерімен (қысқы дизель отынынан басқа – Sputnik Қазақстан) қамтылу деңгейі 100%-ға жетеді.

Министр атап өткендей, 2018 жылдың басынан бері Аи-92 бензинінің бағасы төмендегені байқалады – 160 теңгеден 153,4 теңгеге. Биыл ақпан айында Аи-92 бензинінің ең төмен бағасы Алматы қаласында 139 теңге болды.