Жаңатұрмыстағы жыл басы

Primary tabs

Apr 02, 2018 / 0 comments

Еліміз тәуелсіздік алғалы бері өшкеніміз жанып, көмескілене бастаған салт-дәстүрлеріміз жаңаша жаңғыруда. Соның бірі Ұлыстың ұлы күні – әз Наурыз дейтін болсақ, бұл мейрам жалпыхалықтық сипатқа ие болуда.

Алматының іргесіндегі

Жаңатұрмыс ауылында бүгіндері 35 ұлт пен ұлыс тату-тәтті тіршілік кешуде. Тілі мен діні бөлек болғанымен олардың жалпысы үшін Наурыз мейрамы ортақ қуанышқа айналғалы қашан. Аталған елді мекендегі орта мектепте өткізілген көпшілік шара осы сөзімізге куә бола алады.

Алдымен орыс мектебі болып, соңынан таза қазақ тілінде білім беретін бұл оқу орны екі-үш жылдан бері тұрғындардың өтініші бойынша орысша бастауыш сыныптарын аша бастаған екен. Негізінен тау халықтарының өкілдері топтаса мекендейтін ауыл жұртшылығы қазақ тілін екінші ана тілі ретінде қабылдағаны аңғарылады.

Тіпті, барлық ұлттың бүлдіршіндері қазақ киімін киіп, қазақша ән салып, би билеп, тақпақ оқып шыққанда сүйсінбеске амалың қалмайды. Шығыс әлемінің жаңа жылы – Наурыз мейрамы жөнінде мол мағлұмат беріп, оқушылардың бойына халқымыздың салт-дәстүрін сіңіруді, адамгершілік пен ұлтжандылыққа баулуды мақсат еткен мектеп басшылығы мерекеге қатысты көптеген шаралар әзірлеген екен.

Шын тілеген адамға ырыс пен молшылық әкелетін Қыдыр атаның келуінен бастап, баланы бесікке бөлеу, бата беру, жұмбақ шешу дәстүрлерін көрермендердің көз алдына әкелген мектеп оқушылары өнер додасына да молынан көңіл бөлгені аңғарылады. Оған бірінші сыныптан бастап, барлық оқушылардың қамтылуы мереке мазмұнын ашып тұрғандай. Әсем ән де, тәтті күй де, көз бен көңілге қуаныш сыйлайтын би де өз кезегімен орындалып жатты.

Наурыз мейрамының бір шарты – ауланы тазалау, ағаш отырғызу дейтін болсақ, ұстаздар қауымы мұны да алдын ала ескерген екен. Біз үзілісте қонақтар мен жоғары сынып оқушылары ағаш көшеттерін отырғызып, көк өскінге ғұмыр берсе, ойын алаңында спорт жарыстары көрігін қыздырып жатты.

Дәстүр бойынша ата-аналар мен қонақтар наурыз көженің дәмін татып, ақсақалдар бата берісті. Жаңатұрмыс орта мектебі ұлыстың ұлы күнін осылай қарсы алды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.

Суреттерді түсірген автор.

Ақпарат көзі: "Заман жаршысы"