Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы

Primary tabs

Oct 31, 2018 / 0 comments

«Дүниежүзіндегі жолдардың бәрі Римге апарады» демекші, дүниежүзіндегі тілдердің барлығы латынға апарады. Бүгінгі таңда статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлем елдерінің 80 пайызы осы латын әліпбиін қолданады. Ал кириллица жазуын әлемнің 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен.

Латын әліпбиі біздің де әлемдік өркениетке аяқ басуымызға септігін тигізеді. Елбасымыз өзінің  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2025 жылға дейін қазақ тілін латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшіруді  ұсынған болатын.   Бұл ұсыныс жан-жақты қолдау тауып,  тіл мамандары бірден халық арасында түсіндіру жұмыстарын бастап кетті.   Сондай іс-шараның бірі жуырда ауданымызға қарасты Шамалған және Бірінші Май ауылдық округтерінде де өткізілді. Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелері жобасы» бойынша «Жаңа әліпби – жаңа дәуір бастауы» атты жұмыс тобы тұрғындармен кездесіп,   түсіндіру, талқылау жұмыстарын жүргізді.

 

Кездесу барысында Алматы облысының Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ермек Ақшабаев, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының аға ғылыми қызметкері Дана Пашан және институт қызметкері, PHD докторанты Арайлым Шормақова баяндама жасады. Тіл мамандары латын тіліне көшудің маңыздылығына тоқталып, көпшілікке емле ережесін түсіндірді.  Бүгінгі таңда латын әліпбиінің емле ережесі әлі де пысықталу үстінде.  Мамандардың сөзіне сүйенсек, ереже келер жылы бекітілетін болады. Тағы бір айта кетерлігі, үстіміздегі жылдың 14-ші қарашасында облыс бойынша 120 мың адам бір уақытта латын әліпбиінде диктант жазады деп жоспарлануда.