Коронавирус: Алматы облысында шектеу шаралары күшейтілді

Primary tabs

Mar 30, 2020 / 0 comments

31 наурыздан бастап Алматы облысында шектеу шаралары күшейеді, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Енді көшеге маскасыз шығуға қатаң тиым салынады. Қоғамдық орындарда бір отбасының мүшелерінен басқа үштен артық адамның жиналуына, отбасылық шаралар өткізіп, қонақ шақыруға, қонаққа баруға болмайды.

Облыстың бас санитары Қайрат Баймұхамбетовтың қаулысына сәйкес,  Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарымен шектесетін аумақтарда қосымша санитарлық бекеттер қойылады және аталған облыстармен шекарада жүк тасымалдаушы, жеткізу қызметінің қызметкерлері мен көліктері, өңірдің тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті арнайы көліктер, медициналық ұйымдар мен мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көліктерінен басқа жеке көліктер мен адамдардың қозғалысы шектеледі.

Сол сияқты әуежайдың жұмысы, аудандық, қалалық автовокзалдардың, автостанциялардың қалааралық, ауданаралық автобус байланыстары тоқтатылып, ресми такси қызметінен басқа жеке тасымалдаушылардың жүруіне тыйым салынады.

Жәрмеңкелер өткізілмейді, азық-түліктік емес сауда орталықтарының, бизнес-орталықтардың, интернет және компьютерлік клубтардың, ойын мекемелерінің, базарлардың, қоғамдық тамақтану орындарының, діни маңыздағы нысандардың, меншік нысанына қарамастан мектепке дейінгі мекемелердің жұмысы уақытша тоқтайды. Жасы 65-тен асқан азаматтардың көшеде жүруіне шектеу қойылып, оларға қажетті азық-түлік пен медикаменттерді үйлеріне жеткізіп беру қамтамасыз етіледі. Кәмелеттік жасқа толмағандар да ата-анасынсыз өз бетімен сыртта жүре алмайды. Саябақ, сквер, орталық алаң сияқты халық көп жиналатын орындарға баруға болмайды, ол жерлерде полиция бекеттері орнатылады.

Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар сағат 8.00-ден 20.00–де дейін, екінші деңгейлі банктер, пошта байланысы, жеке нотариустар сағат 10.00-ден 16.00-ге дейін жұмыс істейді.

Азық-түлік, медикаменттер, жеке қорғану құралдарын, зарарсыздандыру құралдарын шығаратындардан басқа шағын және орта бизнес нысандары уақытша жұмыс істемейді немесе жұмысын қашықтан істеуді қамтамасыз етуі тиіс.