Неонаталды хирургия орталығы ашылды

Primary tabs

Dec 19, 2018 / 0 comments

Талдықорғандағы облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанына ашылған Неонаталды хирургия орталығы жұмысын бастады. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты.


- Неонаталды хирургиялық орталық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана. Мамандар енді осы құрал-жабдықтарды балалар еміне тиімді пайдаланады деп сенеміз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына орай денсаулық сақтау саласын цифрландыруды қолға алдық. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тиімді тетік болып отыр. Осы саладағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлік амбулаториялар, емханалар да бар. Медицина ғылымының жетістіктері, жаңа құрал-жабдықтарды кәсібилікпен тиімді қолдану адам өмірін сақтауға және денсаулығын нығайтуға септеседі деп ойлаймын, - деді облыс әкімі А. Баталов. Сонымен қатар келесі жылы облыстық көп салалы балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өткізілетінін, аумағы абаттандырылатынын атап өтті.

Орталық 60 төсекке шақталған, 20 палатасы бар. Реанимациялық бөлімде 9 төсек қойылған. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоздық аппараттар, ИВЛ, жаңа туған нәрестеге арналған «Жираф» реанимациялық үстелі, фототерапия аппараттары, кювездер, реанимациялық төсектер бар.

«Дереккөз: Алматы облысы әкімдігінің ресми сайты http://www.zhetysu.gov.kz»