Оқушыларға кей заттарды кіргізуге тыйым салынады

Primary tabs

Feb 01, 2019 / 0 comments

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектепке кіргізуге тыйым салынатын заттардың тізімін әзірлеуді тапсырды. Ереженің сақталуына оқушылардың ата-анасы жауап беретін болады.

Министр бұл тапсырманы Үкімет жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезектен тыс отырысына берді.

Мұндай шешім соңғы уақытта еліміздің бірнеше өңірінде білім беру ұйымдарында және одан тыс жерлерде оқушылар арасында жаппай төбелес, ұрып-соғу және қорлау оқиғаларының жиілеп кетуімен байланысты.

Білім минисрлігі жергілікті жерде кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жөнді жұмыс істемей отырғанын мойындайды. Олар оқушылар арасындағы шиеленісті жағдайларды анықтап, оның алдын алуға бағытталған іс-шараларды қабылдамайды.

"Қалыптасқан жағдай балалар арасындағы қылмыстың алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылдауды талап етеді. Мектепке кіргізуге тыйым салынған заттардың тізімін бекітіп, бұл ретте ата-аналардың жауапкершілігін арттыруды тапсырамын. Барлық өңір балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оқиға болған кезде жедел әрекет ету маңызды", - деді Сағадиев.

Сондай-ақ, мектеп инспекторларының оқу орнында тұрақты болуын электронды бақылау жүйесі арқылы қамтамасыз етілмек.