Шымкентте немерелерімнен зәбір көрген кейуана көмек сұрады

Primary tabs

Nov 13, 2018 / 0 comments

Сұрапыл соғыc кезінде көрмеген қорлықты туған немерелерінен көріп отырмын дейді. Шымкентте жасы 95-ке келген Надежда Ушакованың айтуынша, оның үйіне кіріп алған туыстары зейнетақысын тартып алып, тіпті соққыға жығатын көрінеді.

Бұл туралы 365 info.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жасы 95-тен асқан Надежда Ушакованың ауруханада жатуына –науқастығы емес, өзімен бірге тұратын немерелері мен олардың таныстарының күн көрсетпеуі себеп. Топырлап үйінде тұрса да ешқандай көмегі жоқ, қайта ардагердің 118 мың теңге зейнетақысын араққа жұмсайтын көрінеді. Тіпті, ұрып-соғып, итке талатқан кездері де болды дейді кейуана. Қос қабырғасы сынып ауырсынып жатқан қария дәлел ретінде аяқтары мен қолдарындағы тыртықтарды көрсетті.

«Мас күйде есінен айырылып ұрып тастайтын кездері көп. Шашымды жұлып, тепкілейді. Күн көруім қиындап кеткен соң полицияға да бірнеше мәрте шағымдандым. Үйімнен шығарып, мені жайыма қалдырсын деп өтіндім. Құқығымыз жоқ, сотқа барыңыз дейді. Ал, соттағылар өзара келісімге келіңіздер деп шығарып салды», деді тыл ардагері Надежда Ушакова.

Тілшілер мен полиция келгенде Надежда Ушакованың немерелері үйінен кеткелі жатыр екен. Алайда журналистерді жуытқысы жоқ.

Саяжайдағы бұл үйді Надежда Ушакова бірнеше жыл бұрын қаладағы пәтерін сатып, алған екен. Үйден гөрі кепеге ұқсайтын бұл баспанада ардагер тұратынын бұрыштағы мына тақтайшадан  ғана білуге болады. Жүз жасқа жетіп қалған кемпірдің итшілеп өмір сүріп жатқанын көршілері де айтады.

«Балалары ішетін сияқты. Үйі ыбырсып жатады. Жағдайды жоқ.   Полициядағылар ардагердің немере-шөбересін есепке алып, үлкенге ізет көрсету туралы әңгімелерді жиі айтамыз дейді. Одан арыға олар да бара алмайды», деді көршісі.

«Қазан айында азаматша Ушакова немересі мен шөбересін өз үйінен шығарып жіберу бойынша сотқа қайта арызданған. Қазіргі таңда арызданушының денсаулығының нашарлауына байланысты сот отырысы кейінге қалдырылды», деді Шымкент қалалық полиция Департаментінің ресми өкілі.

Ардагер баспанасы бар болған соң пәтер алуға да кезекке тұра алмайды. Сынған қабырғалары қалыпқа келіп, аяққа тұрған соң зейнеткер қалай болса да сот арқылы туыстарын үйден қумақшы. Алайда жасы келген әжейдің үй шаруасына да көмекшілер қажет болады. Сондықтан әкімдіктегілер де әлеуметтік қызметкерлерін жіберсе деп отыр.