Қызылордадан шыққан автобус апатқа ұшырап, 8 адам қаза тапты

Primary tabs

Dec 03, 2019 / 0 comments

Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жолда 35 жолаушысы бар автобус аударылды. Әкімшілік полиция өкілінің мәліметі бойынша, жол апатынан сегіз адам мерт болып, 21 адам зардап шеккен.
Желтоқсанның 3-і күні жергілікті уақытпен таңертеңгі сағат 5.30 шамасында Қызылорда облысындағы Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жол бойында жолаушы автобусы апатқа ұшыраған.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, 35 жолаушы отырған автобус Қызылорда қаласынан 85 километр жерде жолдан шығып, аударылып қалған. "Жол апаты салдарынан 7 адам мерт болып, 22 адам зардап шекті" деп хабарлады Қызылорда облыстық төтенше жағдай департаменті.
Арада біршама уақыт өткенде, ІІМ Әкімшілік полиция комитеті бастығының орынбасары Жанат Әбдірахманов қаза тапқандар саны сегіз адамға жеткенін хабарлады. ІІМ апатқа ұшыраған автобустың Шымкенттегі мұнай компаниясына тиесілі екенін хабарлады.
Полиция өкілінің айтуынша, Қызылорда облысындағы Құмкөл кен орнына бара жатқан автобустың аударылуына көктайғақ себеп болған. Сегіз адам қаза болған көлік апатынан кейін Қызылорда мен Ақтөбе облыстарында көктайғаққа байланысты жол жабылғаны хабарланды.
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев апат болған жерде жедел тергеу тобы, құтқарушылар мен дәрігерлер жұмыс істеп жатқанын айтты.
- ІІМ ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақтөбе, Қызылорда мен Жамбыл облыстарында кей жолдар жабылатыны туралы ескерткен. Жауын-шашын олып, артынан түнде күн суытқандықтан жол бетіне мұз қатқан. Жолдар ішінара жабылды, - деді министр.
Автобус апатына байланысты Қылмыстық кодекстің 345-бабы 2-тармағы ("Жол-көлік ережелерін бұзу") бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Азаттықтың Қызылорда облысындағы тілшісінің хабарлауынша, Қызылорда - Құмкөл бағытындағы жол жабылған. Қызылорда қаласынан 25 шамқырымда жол бойына полиция қойылған. Жол шетінде тұрған жүк көліктері мен жеңіл автомобильдер арасында Құмкөл мұнай кенішіне жұмысшы таситын автобустар да бар.
Еуропа одағы статистика қызметінің дерегінше, Қазақстан жол апаты көп болатын әлемдегі бес елдің қатарына енеді. Көлік апаттарының негізгі себебі ретінде жол ережесін сақтамау және жол сапасының нашарлығы аталады.​