Өзгеше үйлену тойы

Primary tabs

Feb 07, 2019 / 0 comments

Астаналық ғашықтар үйлену тойларын қымбат мейрамханада емес, мектеп-интернатта балалармен бірге атап өтуді жөн көрді, деп хабарлайды "Еуразия бірінші арнасы".  

 

Дидар Сәтбаев пен Лаура Жүнісбекова – қайырымдылық кезінде танысқан еріктілер. Олар интернат тәрбиеленушілеріне сурет салу және жауынгерлік әдістерді меңгеруден тегін сабақ береді. 

Екі ғашық үйлену тойларын дәстүрлі түрде тойлағысы келмеген.

"Қомақты қаржы жұмсап, асыр салып той жасағанша, мектеп- интернаттың  балаларына сыйлық жасағымыз келді. Бұл бірауыздан келісілген шешім. Балаларға қуаныш сыйлап, көңіл-күйін көтеріп, көмектескіміз келген соң тойдан бас тарттық", - деді Дидар Сәтбаев  өз шешімін түсіндіре келе.

Ол айтып өткендей, бұл шешімге  олардың туыстары да түсіністікпен қарап, қолдау көрсеткен.

"Мен үшін  ең  бастысы – біз үшін атаулы күнді бірге мерекелеп, қуанып жүрген балғындардың эмоциясы. Біз жастарды мейрамханаларда жасалатын тойларға миллиондап ақша кетіргенше, қаржыны игі істерге бағыттауға шақырамыз", - деді Лаура.