Өртенген тікұшақта 13 адам болған

Primary tabs

Mar 27, 2019 / 0 comments

Қызылорда облысында құлаған тікұшақта 13 адам болған, қаза тапқандар бар, деп мәлімдеді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі. 

"2019 жылдың 27 наурызында ҚР ҚК ӘҚК Әскери-әуе күштерінің ұшағы апатқа ұшырады. Бортта 13 адам болған. Алдын ала мәлімет бойынша оқиға орнында қаза тапқандар бар. Зардап шеккендердің жағдайы анықталып жатыр. Тікұшақ 4 әскери тікұшақтан тұратын бөлімнің құрамында Ақтау қаласынан Шымкент қаласына бара жатқан", - деп жазылған хабарламада.

Қорғаныс министрі генерал-майор Н. Ермекбаевтың бұйрығымен министрліктің арнайы құрылған комиссиясы апат орнына жіберілді.

"Қазіргі уақытта төрт тікұшақтың екеуі Қызылорда қаласына қонды, ал бір тікұшақ апат орнына қайтып оралды. Қазақстан Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, оқиғаның себебін тергеуді бастады", - деп толықтырды министрліктегілер. 

Естеріңізге сала кетсек, Қызылорда облысында тікұшақ құлап, өртеніп кетті.  

"27 наурыз күні сағат 17:35-те "112" пультіне Қызылорда облысының Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағы құлағаны туралы хабарлама түсті", - деп жазылған ТЖК жіберген ақпаратта.

Тікұшақ белгісіз себеппен құлап, түгі қалмай өртеніп кеткен. Әуе кемесі ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі болып шықты.