2020 жылғы 10-15 ақпан аралығындағы аптаның айшықты оқиғалары

Primary tabs

Feb 15, 2020 / 0 comments


 

  • 11 ақпанда Қазақстанның Тұңғыш Президентінің төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Кездесу барысында Жамбыл облысы Қордай ауданындағы жағдай, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу мәселелері қаралды. Жиынды ашқан Нұрсұлтан Назарбаев Қордай ауданында болған оқиға салдарынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты және барлық зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тіледі.

  • Сол күні ҚР Үкіметінің кезекті отырысында 2020 жылғы қаңтардағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің орындалуы, сондай-ақ ҚР-да коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды. Үкімет басшысы мемлекеттік органдар мен өңірлер басшыларының инвестицияларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту, еңбек өнімділігін және халықтың нақты табысын арттыру жөніндегі жұмысты күшейтуі қажет екенін атап өтті. Асқар Мамин ҚХР-дағы қазақстандықтармен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды.

  • ҚР Премьер-Министрі Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты, онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі қызметіне ұсынған Бердібек Сапарбаевтың кандидатурасына бірауыздан келісім берілді. Жамбыл облысының активімен өткен кеңесте А. Мамин Асқар Мырзахметовтің өңірдің дамуына қосқан үлесін атап өтіп, аймақ әкімі лауазымында атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Үкімет басшысы Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевты таныстырды. 

  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында қаланы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда Шымкентті дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру, әлеуметтік-экономикалық жағдай, инфрақұрылымдық құрылыс, электрмен және газбен жабдықтау, инвестициялық жобалар, қаланың 2020 жылы ТМД-ның мәдени астанасы мәртебесін алуы аясында іс-шараларды өткізуге дайындығы мәселелері қаралды. Жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі халықаралық әуежайдың жаңа жолаушылар терминалы құрылысының барысымен танысты, «Оңтүстік» АЭА, тігін және жіп иіру-тоқыма фабрикаларын аралады, сондай-ақ «Шымкент қалашығы» (Цитадель) реставрациялау және музейлендіру жобасының іске асырылу барысын тексерді.

  • ҚР Премьер-Министрі Түркістан қаласына жұмыс сапары барысында инфрақұрылым құрылысының барысын тексерді, онда әкімшілік, тарихи-мәдени, әлеуметтік мақсаттағы ғимараттардың құрылыс алаңдарын көрді. Премьер-Министр Оқушылар сарайында болып, салынып жатқан департаменттер ғимаратын, конгресс-холлды, бассейні бар мектеп сарайын, 7000 орындық стадионды, Қазақ драма театры ғимаратын, сондай-ақ аттракциондары бар қалалық саябақты аралап көрді. Сондай-ақ Асқар Мамин салынып жатқан тарихи-мәдени орталықтың, «Ұлы дала елі» орталығының, Қ. А. Яссауи музейінің, Ұлы Жібек жолы қолөнершілерінің ұлттық орталығының, визит-орталығының, облыстық ғылыми-әмбебап кітапхананың, қонақ үй-туристік нысандардың құрылыс алаңын тексерді.

  • Бейсенбі күні ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Еуропалық аймақтық бюросының директоры Ханс Клюгені қабылдады. Тараптар коронавируспен күрес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, денсаулық сақтауды цифрландыру, МӘМС енгізу, төтенше жағдайлар медицинасы және т. б. қоса алғанда, Қазақстанның ДДСҰ-мен ынтымақтастығы мәселелерін талқылады.

  • Жұма күні ҚР Үкіметінің басшысы Катар мемлекетінің сауда және индустрия министрі Али бен Ахмед әл-Кауари бастаған делегацияны қабылдады. Үкімет басшысы сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы-банк, ауыл шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты дамытуға елеулі әлеуеттің бар екенін атап өтті.

  • ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен және ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен өткен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссия отырысында 2019 жылғы жұмыстың қорытындысы шығарылып, осы жылға арналған өзекті мәселелер қаралды. Үкімет басшысы Ұлт жоспары мен ҚР Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын толық әрі сапалы жүзеге асыру бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.