"Nur Otan" партиясынан президенттікке үміткер - Қ.Тоқаев

Primary tabs

Apr 23, 2019 / 0 comments

"Nur Otan" партиясынан алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Тоқаев түседі. Бұл шешім туралы съезде партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді.

Еліміздегі басқа да саяси партиялар ертеңнен бастап бірінен соң бірі президенттікке кандидаттарын ұсына бастайды. "Ақ жол" партиясының съезі 24 сәуірде өтсе, "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы 25 сәуірде жиналады. Қазақстанның коммунистік халық партиясының делегаттары 26 сәуірде бас қосады.

Ал "Бірлік" партиясы уақыт тапшылығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты.

Президенттікке кандидат тумысынан Қазақстан азаматы, қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді меңгерген, соңғы 15 жыл бойы Қазақстанда тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы болуы тиіс. 

Бұған қоса, президент болып сайлану үшін азаматтың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ белсенді сайлау құқығы болуы тиіс.

Сондай-ақ, Қазақстан президенттігіне ұсынылатын кандидаттар 107 түрлі жүйке дертіне тексеріледі.

Кезектен тыс президент сайлауына үкімет резервінен 9,4 миллиард теңге бөлінетін болды. Қаржының негізгі бөлігі республика бойынша құрылатын 10 мың сайлау учаскесінің жұмысын ұйымдастыруға бағытталмақ.

Кандидаттарға қойылатын талаптар.