Ашу үстінде әйелін пышақтап өлтірген

Primary tabs

Сәу 25, 2019 / 0 комментарии

Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотының судьясы өз әйелі мен ұлын пышақтаған күдіктіні қамауға алу туралы санкция берді.

Оған ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, 99-баптың 1-ші және 3-ші бөліктері бойынша айып тағылған, деп хабарлады otyrar.kz.

Қанды оқиға Қазығұрт ауылында 13 сәуір күні болған. Алкогольді ішімдікке тойып алған отағасы балаларымен бірге түскі ас ішіп отырған әйелімен жанжалдасып қалған. Ашуға булыққан ер адам асхана пышағын әйелдің бүйірінен тығып алған. Арашалап алмақ болған 1994 жылы туған ұлына да пышақ сұққан. Сыртқа қашып шыққан ұлының соңынан қуып аулада күрекпен ұрады. Осы кезде көршілері келіп араша түскен. Өз отбасын ойрандаған ер адам көршілері келген соң оқиға орнынан қашып кеткен. Көршілері қан жоса болған әйел мен баласын аудандық ауруханаға жеткізген.

Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әйел ауруханада жансақтау бөлімінде қайтыс болған. Күдіктіні полицейлер сол күні құрықтаған.

"Аталған жайт бойынша әйелдің күйеуі күдікті ретінде танылған. Полицейлер күдіктіні қолға түсірді. Оған ҚР ҚК-нің 99-бабы "адам өлтіру" бойынша айып тағылған. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде", - деп мәлімдеді Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қазығұрт аудандық сотының тергеу судьясы күдіктіні күзетпен ұстау бұлтартпау шарасына санкция берді.