Доллар қымбаттап, теңге құлдырады. Үкіметте айтылған маңызды мәлімдемелер

Primary tabs

Нау 10, 2020 / 0 комментарии

9 наурыздан бері еліміздегі ақша айырбастау пунктерінде мұнай бағасының құлдырауына байланысты доллар қымбаттай бастады. Бүгін бұл мәселе Үкіметте талқыланып, премьер-министр Асқар Мамин бірнеше тапсырма берді. Одан бөлек, министрліктер маңызды мәлімдемелер жасады. 

Tengrinews.kz тілшісі теңгенің құлдырауына байланысты айтылған маңызды хабарларға шолу жасаған екен.  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайызға өсірді

 

Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 12 пайызға өсіретінін мәлімдеді. 

"9 наурызда Мемлекет басшысының тапсырмасымен үкімет пен Ұлттық банк әлемдік мұнай нарығындағы ахуал және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету шаралары туралы бірлескен үндеу жасады", - деді Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев үкімет отырысында.

Сондай-ақ Ерболат Досаев сыртқы сектордағы қауіптің жоғарылауы жағдайында баға тұрақтылығын сақтап, теңгенің айырбастау бағамын қорғау қажет екенін айтты.

"Сондықтан Ұлттық банк кезектен тыс отырыста базалық мөлшерлемені биылғы 10 наурыздан бастап +/- 1,5 пайыздық пунктпен 12 пайызға дейін өсіруге шешім қабылдады", - деді ол.

Ол базалық мөлшерлеменің өсуі макроэкономикалық және қаржылық тұрақтылықты сақтауға, сыртқы нарықтардың ішкі бағалар мен долларландыру деңгейіне теріс әсерін болдырмауға жағдай жасайды деп түсіндірді.

Қаржы нарығын тұрақтандыру үшін қажет шара қабылданады

Одан бөлек, Ерболат Досаев теңгенің құнсыздануына байланысты Ұлттық банк Қазақстандағы қаржы нарығын тұрақтандыру үшін қажет шараларды қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. 

"Ұлттық банк теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамы режиміне бейілдігін растайды. Дегенмен, бағам өзгерген жағдайда қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізіледі. Ұлттық банк әлемдік экономика және халықаралық нарықты бақылап отыр. Қажет жағдайда Қазақстандағы қаржы нарығын тұрақтау үшін шаралар қабылдауға дайынбыз", - деп мәлімдеді Досаев. 

Валютаға қатысты операцияларды келісу арқылы жүзеге асыру

Бүгінгі Үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин бірнеше тапсырма берді. Соның бірі - валютаға қатысты операцияларды келісу арқылы жүзеге асыруды тапсырды. 

"Самұрық-Қазына" қорына, басқарушы холдингтерге, бұрын жасалған келісімдерге сәйкес, валюта нарығындағы іс-қимылды Ұлттық банкпен келісуді тапсырамын. Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері бақылауды және тиісінше үйлестіруді қамтамасыз етсін. Ағымдағы міндеттемелерге қатысы жоқ шетелдік валютаны сатып алу операцияларын жүргізуге шектеу қойылсын", - деді премьер-министр. 
 

Сонымен қатар, Асқар Мамин Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік жәрдемақыларды уақытында төлеп, жұмыспен қамтудың жаңа жол картасын әзірлеуге және соның шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға тапсырма берді. 

Теңге неліктен құлдырады? Досаев жағдайды түсіндірді

Алдымен Ерболат Досаев әлемдегі мұнай бағасының неге төмендегенін түсіндірді. Оның айтуынша, 6 наурызда ОПЕК+ отырысының қатысушылары мұнай өндіруді қысқарту бойынша мәмілеге келе алмаған.

"Ресей мұнайды өндіру мен төмендету ұсынысын қолдамады. Осыған байланысты Сауд Арабиясы 8 наурызда әлемнің барлық өңірі үшін өз мұнайының бағасын төмендету және мұнай өндіруді тәулігіне 9,7 миллион баррельден 12 миллион баррельге дейін ұлғайтуға дайын екені туралы шешімін хабарлады", - деді ол үкімет отырысында.

Осылайша бұл жағдай мұнайдың әлемдік бағасын айтарлықтай төмендетуге әкеп соққан. 

"9 наурызда Brent маркалы мұнай бағанасы әлемдік нарықта 1 баррелі үшін 31-36,5 долларға саудаланды. Алдыңғы күнмен салыстырғанда төмендету 30 пайыздан асты. Осы жылдың 9 наурызда оффшорлық нарықтардағы рубльдің әлсіреуі мұнай бағасы құлдырауы аясында ең жоғарғы мәнде 1 доллар үшін 75,4 рубльге дейін немесе шамамен 10 пайызға тең болды", - деді Досаев.

Жәрдемақы уақытында беріледі

Премьер-министр тапсырма бергеннен кейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов теңгенің құлдырауына қарамастан қазақстандықтарға әлеуметтік төлемдер уақытында берілетінін айтты. Яғни, үкімет тарапынан халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттеме толық көлемде орындалады.

"Мемлекеттік бюджетте 2020 жылы 4 миллионнан астам әлеуметтік төлем алушыға 3 триллион 377 миллиард теңге қарастырылған. Зейнетақы мен жәрдемақы алушылардың сатып алу қабілетін сақтау мақсатында жыл басынан инфляция деңгейін ескере отырып, барлық әлеуметтік төлем 5 пайызға арттырылған еді. Оның ішінде зейнетақы 7 пайызға, яғни инфляциядан 2 пайызға артты", - деді ол үкімет отырысында.

Министр қай салада тауар қымбаттайтынын айтты

Сонымен қатар, бүгін үкіметте өткен баспасөз мәслихатында теңгенің құлдырауына байланысты азық-түлік бағасына қатысты сауал қойылды. Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов қай салада тауар қымбаттайтынын түсіндіріп берді. 

"Бүгінде баға өте маңызды мәселе. Оны екіге бөлуге болады: азық-түлік өнімдері және азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауарлар. Ауыл шаруышылығы министрлігінің мәліметінше, азық-түлік өнімдерінің көбі - отандық өнім. Жергілікті ресурстарға тіркеулі. Сондықтан теңге бағамының өзгеруіне байланысты баға өзгерісі болмауы керек. Басқа факторлар, әрине, әсер етуі мүмкін. Бірақ ішкі ресурстарда өндірілетін тауарларға бағам шектеулі", - деді Руслан Дәленов. 

Ұлттық экономика министрінің сөзінше, азық-түлік өнімдеріне жатпайтын тауар бағасына бағамның өзгеруі әсер етуі мүмкін. 

"Ішкі нарықта өндірілмейтін немесе қажет жағдайда өндірілмейтін электрон техника, фармация секілді саладағы өнімдерге бағамның өзгеруі әсер етеді. Бірақ бұл жағдайлар 2009, 2016 жылдары да болған", - деді министр.